Баға тұрақтылығы – бақылауда

0 179

Қазір тек облысымызда ғана емес, еліміздің кез келген өңірінде қымбатшылық күн тәртібінде тұрған ең бір өзекті мәселеге айналып тұр. Баға күн санап көтеріліп, бақылауға көнбей барады. Сондықтан баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облысымызда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Әсіресе бірнеше жыл бұрын басталған «Алқаптан сөреге дейін» жобасы үлкен жемісін беруде. Сондай-ақ әлеуметтің қажеттілігі үшін ашылған әлеуметтік дүкендер бағаны тұрақтандыруға айтарлықтай септігін тигізуде. Бұдан бөлек, өңірлер арасында ынтымақтастықты дамыту аясында ШығысҚазақстан облысымен қарақұмық, күнбағыс майы өнімдерімен, Түркістан облысымен ерте пісетін көкөністер, Қызылорда облысымен тұз және күріш өнімдерін қамтамасыз ету жөнінде Мемарандумдар жасалған. Нәтижесінде Түркістан облысынан маусымаралық кезеңде 2385 тонна көкөністер, ШығысҚазақстан облысынан 847 тонна күнбағыс майы, Қызылорда облысынан 4580 тонна күріш, 1000 тонна тұз, Қарағанды, СолтүстікҚазақстан облыстарынан 20 000 000 дана жұмыртқа, 15000 тонна ұн, Павлодар облысынан 450 тонна қарақұмық, Нұр-Сұлтан қаласынан 50 000 000 дана жұмыртқа және Алматы қаласынан 30 000 000 дана жұмыртқа облысқа әкелінген.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың сөзіне сүйенсек, қазір азық-түлік қоймаларында да өнім жеткілікті. Бірнеше айға жететін қор дайындалған.

– Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы тапсырмасына сәйкес аудандар тарапынан әлеуметтік әріптестікті орнату арқылы маусымдық сұраныстың 5 пайызын қамтитын көкөніс қорын қалыптастыру үшін барлығы 143,6 миллион теңгенің 3,8 мың тонна тауарларды алдын ала жинақтау көзделген. Аудандардағы қоймаларға жүргізілген тауалдауға сәйкес облыста мұздатқышы бар қоймалар саны 80 бірлік, сыйымдылығы 45 мың тоннаны құрайды, – деген Қайрат Тілеубайұлы бүгінгі таңда аудан орталықтарында 15 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

Жыл басынан бері аудандар бойынша ашылған әлеуметтік дүкендерде құны 61,4 миллион теңгенің 206,6 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары өткеріліпті.

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, Тараз қаласы және аудан әкімдіктерімен сауда орындарына бағаны көтермеу жөніндегі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, хабарламалар таратылуда. Бүгінде облыс бойынша 562 дүкенге хабарламалар таратылған.

Ал «Алқаптан сөреге дейін» (Айналым сызбасына) жобасы аясында жалпы облыстың негізгі 29 өндірістік кәсіпорындардың өнімдері тікелей сауда нысандары арқылы өткеріліп жатқан көрінеді. Бұл ретте жергілікті өндірісі тапшы қарақұмық, күнбағыс май, күріш және қант тұрақтандыру қоры арқылы, және Айналым қаражаты есебінен қамтылуда.

Бағаның негізсіз өсіп, қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмауы үшін облыс әкімдігі тарапынан қолға алынған жұмыстар оң нәтижесін беруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.