Түлектер орталығы – тәрбие негізі

0 212

Бүгінде елді мекендерде игілікті істердің төбе көрсетуіне сеп болған облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы елжалдынылық пен жомарттыққа бастайтын даңғыл жол екенін уақыттың өзі айқындауда.

Туған жеріне қарайласу, түлеп ұшқан төрін түлету, ауылының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жоғарылатуды мақсат еткен жоба шеңберінде көптеген ілкімді істер қолға алынды.  Бұл бағытта арнайы форум ұйымдастырылып, жер-жерде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген туған жердің түлектері бас қосып,  шараның мән-маңызына қаныққан болатын. Жемісті жоба Жамбыл ауданында жүйелі жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, аудандағы Шайдана ауылында 10 млн теңге қаражатқа спорт музейі мен кешенін жеке кәсіпкер Әділ Байұзақов жерлестеріне тарту етсе, Ащыбұлақ ауылының 1984 жылы дүниеге келген азаматтары 2 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңшасының құрылысын жүргізіп, Шоқай, Ш.Ниязбеков ауылдарынағы білім ордасын 20 жыл бұрын аяқтаған түлектер елдімекендердің кіреберісіне еңселі арка орнатып, ауылдың шырайын кіргзді.  Бұлардан бөлек атқарылған жұмыстар жетерлік.

Соның жарқын мысалы күні кеше аудан орталығындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әрі жоба шеңберінде «Түлектер орталығы» кабинеті ашылды. Салтанатты шараға  аудан әкімі Сәкен Арубаев пен орынбасары Олжас Баққараев арнайы  қатысты.

– Халқымызда «Туған жерге туыңды тік», – деген қанатты сөз бар. Үңіле білгенге бұл тәмсілдің мағынасы тереңде. Осы арқылы бабаларымыз перзенттерін туған жердің әр тасын аялап, қадірлей білуге тәрбиелеген. Бүгін ашылып отырған «Түлектер орталығы» да  – оқушылар үшін үлкен тәрбиенің бастауы болмақ. Жас жеткіншектеріміз алдынғы буын ағаларының жақсылықты жалау, қайырымдылықты серік еткенін көріп, елге, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті бойына сіңіреді. Орталықтың ендігі жұмысы жас буынның елжанды болып өсіп-жетілуіне бағыт береді , – деген аудан басшысы орталықтың алдағы жұмысына табыс тіледі.

Келесі кезекте шараның құрметті қонағы – «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының жетекшісі, ауылының көркейюі жолында еңбек етіп жүрген  атымтай жомарт Әділ Байұзақов орталыққа клуб атынан қабырға ілінетін әсем сағатты тарту етіп, ізгі тілегін жолдады.    Орталықтың кермесін өңір басшысы Сәкен Қаланұлы мен Әділ Әбубәкірұлы қиып, кабинетті аралап көрді.

Мұнда аудан көлемінде түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтардың суреттері ілінген. Келешекте орталық жұмысын жандандыру үшін осы атпал азаматтармен онлайн байланыс арқылы оқушылармен жылы жүздесулер ұйымдастырылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.