Балалар арасында бұқаралық спортты дамытады

0 166

Көне шаһардың туған күні қарсаңында Тараз қаласы  Арай-2 мөлтек ауданында жаңа әмбебап спорттық және ойын алаңы ел игілігіне берілді. Бұл облыс орталығының жасөспірімдері, жастары мен ересектеріне «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының барлық тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тартуы. Аумағы 1702 шаршы метрді алып жатқан жобаны аталған қор «Менің Елім» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырып отыр. Бұл қор бұған дейін облыс бойынша «Арай-2» және «Қаратау» ықшам аудандарында және Байзақ пен Қордай аудандарында дәл осындай 4 алаңшаны ашқан болатын.

Алаңша жасанды төсеніші бар кіші-футбол алаңы, көше тренажерлары және әткеншектері, сырғанақтары мен құмдары бар балаларға арналған ойын алаңы сынды бірнеше аймақтан тұрады. Алаңның периметрі бойынша орындықтар мен қоқыс жәшіктері  де орнатылған.

Кейін алаңшалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және функционалдылықты сақтау үшін олар жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне беріледі.

Алаңның ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Samruk-Kazyna Trust қорының өкілдері қатысты. Шарада сөз алған аймақ басшысы: «Елімізде егемендіктің 30 жылында бұқаралық  спортты дамытуға барынша назар аударылып келеді. Осы бағытта көптеген спорт нысандары бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті болады.

Сондықтан Тұңғыш Президентіміз спорттың бұқаралық түрін дамытуды – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының біріне айналдырды.

Аймағымызда тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға маңыз беріп, спорт мектептері мен орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, заманауи талаптарға сай жаңа спорт нысандары салынуда.

Жылдан жылға ашық аспан астындағы спорт жаттығу алаңдарының да санын арттырып келеміз. Нәтижесінде дене шынықтырумен шұғылданушылар саны көбейді.

Саладағы салмақты бастамалар оң нәтиже беріп келеді. Ал осы нәтижеге жету жолында мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың маңызы зор. Өрендердің биік межеден көрінуі де осы қолдауға байланысты.

Бұл тұрғыда «Samruk-Kazyna Trust» қоры бізге үлкен қолдау көрсетіп келеді. Қормен бірлескен осындай алаңдарды орнату бойынша 4 жоба іске асырылды. Енді мұндағы балалар, әсіресе жазғы демалыс кезінде, уақыттарын қызықты өткізе алады. Тұрғындар алаңдағы жабдықтардың сақталуын қадағалап отыруы керек, –  деді.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері алаңдар салауатты өмір салтын насихаттау және балалар бұқаралық спортын дамыту, қалалар мен елді мекен тұрғындарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында орнатылатындығын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.