Көңіл қуантқан кітап фестивалі

0 237

Жуырда Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен ел Тәуелсзідігінің 30 жылдығы және Тараз қаласының туған күніне орай «Жастар» аллеясының «Кітап» алаңында «KITAP FEST — 2021» фестивалі өтті. Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру мақсатында  ұйымдастырылған шараға қала әкімінің орынбасары Алмасбек Садубаев қатысып, аталған шараның мән-маңызына кеңінен тоқталды.

– Кітап – білімнің бұлағы, ақылдың қайнар көзі. Кітап оқыған адамның таным көкжиегі кеңейіп, көзқарасы қалыптасады. Сондықтан бұл рухани қазынаның баршамызға берері мол. Кітапқа құмар жасөспірімдердің қатары мол болса еліміздің келешегі кемел, болашағы баянды болашақ. Оларды кітап оқуға баулу арқылы парасат-пайымы мол тұлғаны тәрбиелейміз. Бұл бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемнің ең таңдаулы 100 оқулығы қазақ тіліне аударылғаны көпшілікке мәлім. Бұдан бөлек, «Оқуға құштар мектеп» жобасы бастау алып, жемісін беруде. Бүгінде қала бойынша 8 кітапхана болса, онда 40 мыңға жуық оқырманымыз бар. Бұл кітапханалардағы 400 мыңға жуық кітаптың 160 мыңдайы мемлекеттік тілде, қалғаны өзге тілдерде. Сондықтан біздің мақсатымыз жастарды кітапты қадірлеп,  оқуға баулу және кітапханаларымыздың кітап қорын толтыру. Бүгін облыстан ғана емес басқа да өлкелерден баспалар келіп, өз өнімдерін оқырмандарға ұсынып отыр. Яғни алдағы уақытта кітапханаларымыз тағы да жаңа дүниелермен толығатын болады, – деген Алмасбек Кәдірбекұлы шараға белсене атсалысқан белгілі баспа үйлері мен кітап дүкендерінің басшыларын марапаттады. Олардың қатарында  көрме-жәрмеңкеге өздерінің таңдаулы кітап өнімдерін ұсынған «Альманахъ», «Самға» үйлері мен  «Kitapal», «Букинист», «Шерхан Мұртаза» сынды кітап дүкендері бар. Аталмыш баспалар мен кітапүйлері арнайы ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеге өздерінің таңдаулы кітап өнімдерін ұсынды. Онда қазақ поэзиялары, әдебиеті мен шетел классиктерінің жанры және психологиялық кітаптар тұрғындарға таныстырылды. Сондай-ақ фестиваль барысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мәңгілік елдің тұғыры-Тәуелсіздік» тақырыптарында ұйымдастырылған кітап көрмелері арқылы жас оқырмандар ұлы ғұламалардың, отандық, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларымен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар шараның негізгі бөлімінде ақын, журналист Ғани Әлімбекқызының «Қарлығаштар мекені» кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.

Келесі кезекте «Руханият әлемі» алаңында драматург Елен Әлімжан, Қайырбек, Асанов Ғайни Әлімбекқызы, Бақытжан  Әлімқұлов, Баймаханбет Ахмет, Хамит Есаман, Жұлдыз Бейсек, Табиғат Абаилдаев сынды жергілікті танымал ақын-жазушылар өз шығармашылықтары жайында оқырмандармен ой бөлісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.