Жағалау жиегі жаңаша жаңғырады

0 180

Тотыдай түрленіп, сұңқардай сыланып келе жатқан Тараз қаласының бүгінгі келбеті көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Өзгеше түрге енген саябақтар, абаттанған аулалар, тақтай тегіс тас жолдар, жарқыраған көшелер, заманға сай еңселі ғимараттардың барлығы тұрғындарды қуанышқа бөлеуде. Бұл өз кезегінде туристер санының артуына да жол ашып отыр. Көне шаһардың келбетін айшықтау бағытындағы жұмыстар бір сәтке де толастаған емес. Бұған кеше Тараз қаласы әкімдігі медиа орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында көзіміз жетті. Алдымен баспасөз өкілдері «Үшбұлақ» арнасының жағалауына аялдады. Жағалау жуық арада жаңаша жаңғырып, басқаша кейіпке еніп, жарқырай түспек. Қазіргі таңда мұнда судағы өскіндерді тазалау, қамыс қопаларын шабу, канал мен каналы жағалауларын механикалық тазарту, өтімсіз бетон конструкциялары мен қоршау плиталарын бөлшектеу, ағаштарды кесу және тамырларды жұлу бойынша қыруар жұмыс атқарылған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта сол жағалауда, ені 2 метрлік жаяу жүргіншілер тротуары салынып, көлден Қонаев көшесіне дейінгі жол асфальттанбақ. Осы жағалаудың «Зербұлақ» арнасына дейінгі келбеті түгелдей өзгермек. Екі араны жалғап тұрған аспалы көпірдің де жөнделіп, түрленетін күні жақын. «Зербұлақ» арнасының жағалауында да құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын аңғардық. Ол жақта аквапарк сынды көптеген демалыс орындары бой көтеретін болады. Сонымен қатар, арнаның топырақ беткейлерін арнайы құралдармен нығайтып, олардың орнына көгалдар мен жас ағаштар отырғызылады. Нысан жобасына сәйкес спорт, балалар алаңдарын тұрғызылып, шағын сәулет нысандары да орнатылады. Шаһар тұрғындары мен қонақтарының естелік суретке түсуі үшін арнайы фотоаймақ орналастырылмақ. Мұнда жыл санау жүйесіндегі жануарлардың мүсіндері, өзге де тартымды дүниелер қойылады деп күтілуде. Бұл да шаһар шырайын кіргізіп, көркін ашатыны сөзсіз. Осы орайда, бұл нысанды «Казфосфат» ЖШС-і «Таразға тарту» жобасы аясында іске асырып отырғаны айта кеткен жөн. Жоба құны 350 млн.теңгені құраған жағалаудың құрылысын жергілікті компаниялар жүргізуде. Осылайша, күні кеше ғана жан-жағын қамыс басып, күл-қоқысқа толып жатқан жағалау таяу күндері шаһардағы әсем нысандардың қатарын толықтырмақ. Тараздықтардың сейілдеп, бой жазатын демалыс орнына айналатын нысан қараша айының соңында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.