Кәсіп еңбекпен кеңейеді
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды тиісті мақсатқа жаратып, тірлік бастауға ниет білдіргендердің қатары артып келеді. Тәуекелге бел буып, іске талап білдіргендердің көбейгені көңілге қуаныш ұялатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: -Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді,-деген болатын. Демек, кәсіппен айналысу жеке адамның табысын ғана емес, елдің әл-ауқатын арттыруға сеп болмақ.
Кәсіп жас талғамайды және оны бастаудың ерте-кеші жоқ. Тек істің көзін тауып, табандылық танытсаң болғаны. Қараой ауылының тұрғыны Бақыткен Әділбековтің кәсіппен айналысқанына көп те болған жоқ. Істен тәжірибесі бар ағайын-таныстардың ақылын тыңдап, таңдау мал шаруашылығына түседі. Совхоздың қат-қабат тірлігімен шыңдалып өскен Бақыткенге мал жайы таңсық емес. Осылайша, іске білек түре кіріскен ол «Gold» шаруа қожалығын ашады. Қажетті құжаттарын реттеп «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы несие рәсімдейді. Қолдағы уақ мал басын көбейтуді мақсат тұтады.
-Іс бастау оңай шаруа емес. Тірліктің көзін білетін адамдармен ақылдасып, төрт түлікті өсіруге тоқталдым. Шаруашылықта негізінен уақ мал. Азын-аулақ мүйізді ірі қара бар. Тұрғылықты аймақтың табиғаты мал шаруашылығына қолайлы. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды пайдаланып жатырмыз. Бұл өзі кәсіп бастағандарға көп көмек болады екен,-дейді шаруа қожалық иесі.
Бүгінде Қараойға қарасты Ырғайлының бойын жайлаған Бақыткенге балалары мен ағайындары қолқабысын тигізуде. Қора-жайды реттеп, алдағы маусымға мал азығын жиып үлгерген. Өткен қыстағы табиғаттың тосын мінезі дала төсін қоныс еткен шаруаларға үлкен сын болса керек. Алдағы қысқа осы бастан қамданған шаруашылық басында қазір қызу жұмыс.
-Қыс қамсыздықты көтермейді,-дейді Бақыткен, -Биыл көктем кеш шықты ғой. Іргелес жатқан шаруа қожалықтарында біраз мал басы қырылды. Құдайға шүкір, бізде шығын болған жоқ. Сақтық танытпасаң, мал шаруашылығы өте қиын сала ғой. «Мал бір жұттық» деген. Тынымсыз еңбектің арқасы болар, малдан жақсы төл алдық. Биылғы қуаңшылық шаруаларға қиындығын ала келді. Жем-шөп алу үлкен мәселеге айналды. Бағасы да құбылып тұр. Соған қарамастан қысқа шөп қорын жиып алдық.
Мал шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, тірлікке төселіп келе жатқан шаруа қожалықтың алдағы жоспары аз емес. Мал басын көбейтіп қана қоймай, оны асылдандыру. Ол үшін тынымсыз еңбек ету қажеттігін Бақыткен Төлбайұлы жақсы түсінеді. Алайда, мәселе де жоқ емес. -Мал жүнінің ешқандай пайдаға аспай, қажетсіз қалуы алаңдатады екен. Қырықтық науқанында әр мал басын ақшасымен келісіп жүнін қырықтырамыз. Ең болмаса, сол жұмсалған қаражатты ақтаса ғой. Мейлі, оны қойшы көлікке тиеп тегін алып кетсе, жел ұшырып немесе құрт жеп бұлай жатпас еді,-дейді.
Тегінде, ісін кеңейтуді ойлаған шаруа оны әрдайым жаңартып отырады. Бұл орайда Бақыткен Төлбайұлы да жақында қаржылық ұйымдары арқылы шөп турағыш құралын алыпты. Шабындыққа өздері шығатын шаруа қожалығына бұл құралдың көмегі қажет-ақ.
Қазір шаруашылық басында құдық бар, электр тоғынан да туындап отырған мәселе жоқ. Тек жұмысыңды атқара білсең болғаны. Өйткені, табыс табандылықпен келеді. Бұл шаруа қожалық төрағасы Бақыткен Әділбековтің пікірі.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, биылға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ арқылы 66,0 млн. теңгенің 15 жобасы және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 55,0 млн. теңгеге 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Тамыз айында қосымша қаржы институттары тарапынан 78,3 млн. теңге қаражат бөлінді. Қыркүйек айында аудан бойынша тағы 297,4 млн. теңгені құрайтын 76 өтінім берілді. Ауыл-аймақтардан оң шешім алған жобалардың дені мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.