Кәсіпорынның игі бастамасы
Қайта қалпына келтіріліп, кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп жатқан көппәтерлі бос үйлер, қаланың көркін келтірумен қатар, мұқтаж отбасыларының баспаналы болу мүмкіндігін арттырып отыр. Мәселен, өткен жылы қалада бір жатақхана мен үш бірдей көппәтерлі тұрғын үй ел игілігіне ұсынылып, тұрғындар жаңа қонысқа көшті.
Өзге ғимараттармен қатар, «Бастилия» аталып кеткен 3 мөлтек аудандағы №15 үйді де жөндеуден өткізіп, пайдалануға берсе деген мәселе біраздан бері жергілікті тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатқан болатын. Айтса айтқандай, қаланың көрнекі жерінде орналасқан сәулеті бөлек ғимараттың сиықсыз күйі расымен, ары — бері өткен жүргіншінің назарын аударатын.
Бұл мәселе енді шешімін тапты. «ҚазФосфат» ЖШС-не қарасты «Шолақтау» тау-кен өндіріс кешені аталған нысанды толықтай жөндеп шығынды өз міндетіне алды. Мекеме қаражаты есебінен қолға алынған қайта жаңғырту жұмыстарын «Интеграл Life» ЖШС (директоры А.Мұхамеджанов) жүргізіп жатыр. 72 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй алдағы уақытта өндіріс кешенінде жұмыс жасайтын көпбалалы отбасы, жас мамандармен қатар, баспанаға мұқтаж жандарға беріледі деп күтілуде.
— Қазір құрылыс басында 150-ге жуық адам бар. Жаңғырту жұмыстары тамыз айының басында басталды. 72 пәтерлі тұрғын үй негізінен 2,3 және 4 бөлмелі пәтерлерді қамтиды. Құрылыс жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — дейді арнайы учаске бастығы Алтай Абдихаликов.