Мамыр бауы мәуелеп келеді

0 245

Тараз қаласы уақыт өткен сайын жасарып, жаңарып келеді. Әсіресе облыс орталығында демалыс нысандарын қайта жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Соның бірі – Мамыр бауы. 2013 жылдан кейін жөндеу көрмеген аталған саябақта қазір мүгедектігі бар адамдарға арналған «Асар» оңалту орталығы бар. Ол жерде ерекше күтімді қажет ететін жасөспірімдерге қызмет көрсетіледі. 15 гектар аумақты алып жатқан баудағы тал-дарақтың тамырына нәр беретін суландыру жүйесін реттеу, жарықшамдарды ауыстырып, жаяу жолдарды жөндеу, орындықтар орнату уақыт қажет еткен талаптың бірі болып отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасыменн биыл аталған Мамыр бауын ретке келтіру қазір қызу қолға алынған. Мұнда дәл қазір қураған ағаштар кесіліп және жалпы аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Таразға тарту» жобасы аясында саябақ аумағында амфитеатр мен «Білім» аллеясын қайта жөндеу жұмыстары да аяқталды. Жаяу жолдар плиталары төселіп, жаңа орындықтар орнатылды.

Дей тұрғанмен онда бой көтереді деген оңалту-сауықтыру кешені мұнда салынбайтын болыпты. Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Ғалымжанұлы аталған орталық 15 ықшамауданнан салынатынын айтады.

– Мамыр бауын толық жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Нысанның құрылысы және абаттандыру жұмыстары келесі жылы жүргізіледі. Ал саябақ аумағынан аталған оңалту орталық салынбайтын болды. Өйткені бұл жер оңалту орталығын салуға жарамсыз деп танылды. Осыған байланысты оңалту орталығының құрылысын 15 шағынауданда жүргізу жоспарланып отыр. Бұл нысан да демеушілердің көмегімен бой көтермек. Нысанның эскизі Сәулет бюросының мамандарының әзірлеуі бойынша жасалды, – деді аталған бөлім басшысы Алмасбек Ғалымжанұлы.

Әйтсе де облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы аясында Мамыр бауы аумағындағы амфитеатрды қазір жаңғырту қолға алыныпты.

– Мамыр бауындағы амфитеатр мен оған іргелес аумақты «Таразға тарту» жобасы бойынша абаттандыру міндеттерін облыстық білім басқармасының мамандары, Тараз Өңірлік университеті және халықаралық Тараз инновациялық университетінің өкілдері алған. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық аяқталды, – деді Тараз қалалық әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.

Жобалық құжаттамаға сәйкес аталғған нысан аумағында енді бетон конструкциялар мен қоршау плиталарын демонтаждау, ағаштарды санитарлық кесу, жаяу жүргіншілер тротуарлары мен веложол, «Street Workout» алаңы, 2 футбол алаңы және 2 баскетбол алаң салу жұмыстары қалып тұр. Қоқыс жәшіктері, жарық шамдар орнатылып қойған.

Бұдан бөлек «Таразға тарту» жобасы аясында салынып жатқан – «Ана мен бала» саябағы да ел барып серуен құратын жерге айналмақ. Рафинадная көшесінде орналасқан скверде ЖЭО инвестициясының есебінен бетон алаңдарының плиталарын қайта жөндеу, қураған ағаштарды кесу бойынша жұмыстары жүргізілді. Тас төсемнен жаяу жүргіншілер тротуарын, Рафинадная тұйық көшесі бойынша асфальтталған жолды орнату, ескерткішті қалпына келтіру және ескерткіштің жаңа тұғырын орнату да бір біткен іс. Саябақ аумағында шағын сәулет нысандары орнатылып, демалуға арналған 15 орындық пен қоқыс  жәшіктері, 14 жарық шамы мен 2 прожектор орнатылған екен. Сонымен қатар спорттық және балалар алаңын орнату жүзеге асырылған. Саябақ аумағында МАФ-тар, 100 ағаш пен 50 хризантема бұтасы отырғызылыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.