Шаруаның шалқуына мемлекеттік бағдарлама арқау
Қазақта «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Мемлекет елдің түрлі кәсіппен айналысуына мүмкіндік бергелі, осы күні қазақтың еңбекқор халық екенін дәлелдейтіндердің қатары арамызда көбейіп келеді. Мәселен Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылының тұрғыны Пернебек Дәулетбаев мемлекет қолдауының арқасында мал шауашылығына дамытып отыр. Ол аталған ауылдық округ егін және мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы өңір екенін айтады. Сондықтан да жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі ырзығын осы салаладан тауып отыр екен. Шаруашылыққа бет бұрғандардың дені егін шаруашылығын өркендетуде, төрт түлікті асылдандыруда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отрған көрінеді. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, шаруасын шалқытып отырған шаруаның П.Дәулетбаев осыдан біршама уақыт бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы арқылы 4 миллион теңге несие алып, сегіз бас жылқы сатып алыпты. Қазір осы қылқұйрықтылар табыс көзіне айналып отыр. «Мінсең көлік, ішсең ас» дейтін түліктің осы түрінен алынатын қымыз, саумал, ет сынды өнімге халық тарапынан қай уақытта да сұраныс жоғары.
Бүгінде осы жылқыларымнан біршама табыс та тауып отырмын.
Соңғы уақытта жылқы етіне, ұлттық сусынымыз – қымыз бен саумалға деген халық сұранысы артқандықтан, осы кәсіпті дамытуды қолға алдым. Ол үшін жылқының сырын біліп, бабын табу да үлкен біліктілікті қажет етеді. Бұл іс негізінде қыстың күні қысырақ сауып, сары аязда сары қымыз сапырған қазақ үшін аса қиын шаруа емес. Ендігі мақсатым – мал анын төлі есебінен көбейтіп, жылқы бордақылаумен айналысу. Көптен бергі арманым кәсіпкерлікпен айналысып, табыс табу еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалғанына мың да бір шүкір деймін. Көмектесіп, қолдау көрсеткен аудандық кәсіпкерлік палатасының мамандарына, қордың облыстық филиалы қызметкерлеріне алғысым шексіз! – дейді ол.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалы өңірдегі ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін несиелеу жөнінде біраз жылдан бері бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Әсіресе мал шаруашылығын дамытамын деген кез келген ауыл тұрғындарына аталған мекеме бүгінде 10 жылға 6 пайызбен 30 миллион теңгеге дейін несие беруді қолға алған. Негізгі борыш бойынша несиенің 2 жыл жеңілдік мерзімі бар екенін де айта кетекен жөн. Міне, кез келген ауылдықтар осы мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысса, шаруасы шалқи түсетіні анық.