Тәуелсіздік – тәтті ұғым
Сан ғасырлар бойы бабалар арман еткен тәуелсіздіктің тізгіні қолымызға қалай тигенін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Тәуелсіздікке қол жеткізу бар да, оны уыстан шығармай ұстап тұру бар. Елді, жерді қастер тұту, Отанның патриоты болу, ынтымақ пен тыныштықтың, береке мен бірліктің тәуелсіздік баяны екенін жеткіншектер санасына құю ортақ парыз. Міне мақсатта облыс әкімдігі білім басқармасының Байзақ ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының 1-11-сыныбындағы 22 мың 128 оқушысы арасында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында ашық сынып сағаттары өтті. Ұрпақ санасына егеменді елдің бүгіні мен ертеңін ұқтыратын, қасиетін түсіндірер жоба барлық мектептерде бастау алып отыр
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының маңыздылығын, тәуелсіздік жолында жеткен жетістіктерін жас ұрпаққа жеткізу мақсат етілген сынып сағатының барысында тақырыпқа сай мемлекетіміздің даму тарихы, жеткен жетістіктері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы тарихи рөлі туралы тың ақпараттар берілді. Ашық сынып сағатына тек оқушы мен ұстаздар ғана қатысып қоймай, өңіріміздің дамуына үлес қосқан ел азаматтары арасынан қонақтар қатысып, тәуелсіз еліміздің жетістіктерінен, өздерінің қол жеткізген табыстары туралы әңгімеледі. Ашық сынып сағатының қорытындысы бойынша оқушылар өткенге тағзым ете отырып, болашаққа жарқын көз қараспен ой жүгіртіп, тәуелсіздік туралы ән-жыр шырқады.
Осы тектес іс-шара, яғни «Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздыққа толы жылдар, «Жетістіктің тарихы» атты тағылымды кездесу, танымдық іс-шара Сарыкемер мектеп-гимназиясында да ұйымдастырылды. Аталған мәні зор жиынға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр, Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Зульфия Габидуллина, аудандық, республикалық айтыстардың жүлдегері, айтыскер ақын Әсет Дүйсебаев және ұстаздар мен оқушылар қатысты. Кездесу қатысушылары тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толайым табыстар мен алға қойған мақсат-мүдде, білім мен мәдениет, тарих, рухани құндылықтар, ел бірлігі мен тыныштығы туралы ой бөлісті. 10-сынып оқушысы жас ақын Аяжан Иманалы кеш қонақтарына арнау өлеңін оқып берді.Сонымен қатар оқушылар көкейіндегі сұрақтарға құнды жауаптар алып, маңызды ақпараттарға қанықты. Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, «Тілектер» кітапшасында қолтаңбаларын қалдырды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған осындай іс-шаралар алда да жалғасын табатын болады.