Спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған

0 197

Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінгі таңда Шу ауданында спорт саласы ерекше серпін дамып келеді. Соңғы жылдардың өзінде ауданда бірнеше спорт нысаны бой көтеріп, нәтижесінде бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың да саны өскен.

Атап өтер болсақ, 2019 жылы Ескішу ауылдық округі Белбасар ауылында Б.Сауранбаевтардың демеушілігімен «Белбасар» атындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені соғылып, қолданысқа берілген. Спорт кешенінде заманауи үлгіде жабдықталған 250 орындықты 1 футзал, 1 күрес, 1 бокс, 1 ауыр атлетика спорт залдары, медицина, асхана, шешіну, жуыну және әкімшілік қызметкерлерге арналған бөлмелері бар.

Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Төле би ауылындағы дене шынықтыру- сауықтыру спорт кешенінің құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылы маусым айында қолданысқа берілген. Жобаны іске асырушы – «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба құны – 295,304 миллион теңге. Жалпы алаңы – 1414,1 шаршы метр. Кешенде – 1 тренажер залы, 1 ойын спортзал бар. Бүгінгі таңда аталған спорт кешені №38 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне берілген.

Сонымен қатар, Шу қаласындағы «Қайрат» стадионының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа беріліпті. Нысанның жобалық-сметалық құны – 3 миллион 500 мың теңге.

Бұдан бөлек 2020 жылдың желтоқсан айында демеушілік тарапынан Абай ауылындағы «Қазыбек» атындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені есігін айқара ашқан. Спорт кешенінің құрылыс құны 300 миллион теңгені құрайды.

Сондай-ақ 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» жол картасы аясында 9 спорттық алаңшаның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.

Ал ағымдағы жылы Төле би ауылдық әкімі аппараты тарапынан Төле би ауылында 2 кіші футбол, стритворкаут алаңдарының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілген.

Алдағы жоспарларда ауқымды. 2022 жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Шу қаласы және Қонаев ауылдарында 250 миллион теңгеге дене шынықтыру –сауықтыру спорт кешендерін салу жоспарлануда.

Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы К.Мауленовтің сөзіне сүйенсек, спорт саласына жасалған жағдай спортшылардың толайым табыстарға жетуіне себепкер болуда.

– Жалпы аудан бойынша 256 спорт нысаны қызмет көрсетуде. 2021 жылға бөлінген қаражат 13 миллион 500 мың теңгені құрайды. 2021 жылдың басынан аудан спортшылары республикалық, облыстық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер атануда. Алдағы уақытта да жоспралы жұмыстарымыз кезең-кезеңімен жалғаса береді, – деді К.Мауленов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.