Экономикада ілгерілеу басым
Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысына сәйкес облысымыз экономикалық өсім бойынша республикада екінші орынға ие болды. Бұл жөнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппаратық кеңесте айтылды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, есепті кезеңде облыстың экономикалық өсімі 105,3 пайызды құраған. Ал, осы орайдағы республикалық көрсеткіш 103,6 пайызға жетіп отыр.
— Өнеркәсіп саласындағы өсім 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығы – 1,0 пайызға, құрылыс – 11,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 6,0 пайызға, инвестиция көлемі — 20,2 пайызға, сауда – 4,4 пайызға артты. Көлік және қоймалау саласында көрсеткіш өткен жылдың тиісті деңгейімен салыстырғанда 4,5 пайызға артты. Сондай-ақ, халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы биылғы бірінші тоқсанда 89,4 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы көріністе 17,2 пайызға артқан. Ал, орташа айлық жалақы екінші тоқсан бойынша 203,8 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 25,8 пайызға өскен, – деді басқарма басшысы. Келесі кезекте сөз алған облыстық қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтің дерегінше, 1-қыркүйектегі жағдай бойынша облыс бюджетінің кірістері 296,7 млрд. теңгеге немесе 104,8 пайызға орындалған. Сонымен қатар, меншікті кірістер 64,7 миллиард теңгеге немесе 126,7 пайызға атқарылған. Бұл – облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішінде 3-ші көрсеткіш екен. Бұдан бөлек меншікті кірістер жоспары жергілікті бюджеттердің барлығында артығымен орындалып отыр. Облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 299,9 миллиард теңгеге немесе 99,7 пайызға игерілген. Соның нәтижесінде аймағымыз республика бойынша үздіктер қатарында.
Көрсеткіштерге көңілі толатынын жеткізген аймақ басшысы бұған тоқмейілсімей тоғыз айдың, жылдың қорытындысы бойынша да осы биіктен түспей, барлық әлеуетті толықтай пайдалану қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ бөлінген қаржы мақсатты әрі толық жұмсау керектігін де шегеледі.
Жиын барысында бұдан бөлек коронавируст пандемиясының алдын алу шаралары, екпе егу жұмыстарының барысы жөнінде де кеңінен сөз болды.
– «Жасыл аймаққа» өттік деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Індетпен күресті тоқтатпауымыз тиіс. Жағдай күрделене түссе Қордай, Меркі аудандарынан қосымша оттегі станциясын ашу керек, – деген Бердібек Машбекұлы мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуына ден қоюды ескертті.