Инвестициялық жобалар ел ырысын еселеуде
Инвестициялық жобалар бүгінде облысымыздың дамуына тың серпін беріп, экономиканың өсу қарқынын күшейтуге мүмкіндік беруде. Жарқын жобалар халықтың тұрмысының түзелуіне де үлкен септігін тігізуде.
Инвестицияның игілігін аудандар да сезінуде. Мәселен Талас ауданында бүгінге дейін ондаған инфестициялық жоба жүзеге асып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалуда. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуынша, ауданда өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы сомасы 35612,5 миллион тенгенің 8 жобасы жоспарланып, оның ішінде 3735,2 миллион тенгенің 2 жобасы 2020 жылы пайдалануға берілген.
– Ауданда құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатындағы «Wind Power city» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қызыләуіт ауылдық округінен 21 гектар жер учаскесі бөлініп берілді. Жоба ҚР Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген. «Wind Power city» серіктестігі тарапынан ауданға 1910,0 миллион теңге инвестиция тартылды. 2020 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2020 жылы 1,5 миллион кват электр энергиясын өндірді. Жалпы биылғы жылға 15,5 миллион кват электр энергиясын өндіру жоспарда бар, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Ал қазір ауданда алты жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап өтер болсақ, Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, кәсіпкерлікті қолдау картасына «TalasInvestmentCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаттылығын 15,0 мың тоннадан 30,0 мың тоннаға дейін көтеру мақсатында зауыттың жанынан қосымша цех соғу жобасын қосу жоспарланған. Жоба іске асқанда 300 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жалпы жобаның құны 25,0 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда зауытқа инфрақұрылым тарту бойынша құжаттары толық рәсімделген. Инфрақұрылымын тарту индустриалдық аймақ арқылы жүзеге асырылатын болады.
Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Еламан» шаруа қожалығы жылына 500 бас мал бордақылау орнын ашуды жоспарлауда. Мақсаты қой, сиыр, жылқы және түйе етін және сүтін өндіру. Инвестиция көлемі 70,0 миллион тенге. Жалпы жұмыспен 13 адам қамтылады. Мал бордақылау орнына «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында электр желілерін тарту бойынша 99,0 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары толық жасылған.
Сондай-ақ Жобалық құны 1829,1 миллион теңге болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Шенгелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қызыләуіт ауылдық округінен жер учаскесі бөлініп, 2020 жылы басталды. Жалпы қуаты 4,5 мВт болатын 3 қондырғы орнатылып, 14 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда қондырғылар толықтай орнатылған.
Бұдан бөлек, жел электр энергиясын өндіру мақсатында екі жоба, «Қаратау ПРО» ЖШС-ның өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында бір жоба жүзеге асуда. Егер аталған жобалар жүзеге асып, іске қосылғанда жүздеген аудан тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.