Бар мәселе негізгі капиталға байланысты
Кез келген мемлекеттің, оның ішінде кез келген мекеме немесе кәсіпорын, тіпті әрбір отбасының алға қойған болжамды жоспары, ойға алған ісін сәтімен жүзеге асыруы үшін қолданатын өз иелігінде негізгі қорлары болатыны белгілі. Ал мұндай қор қолда бар қаржыны белгілі бір бағытта пайда табу мақсатында жұмсап, кезі келгенде жұмсалған қаржының еселеніп қайтуы – экономикалық тілмен айтқанда, «капитал жұмсалымы» деп аталатыны белгілі. Мәселен жекелеген адам ауласындағы жеріне бау-бақша дақылдарын егу үшін өзінде қаражат болмағандықтан, көршісімен бірігіп сол жерді игеріп, екеуі келісімге қарай түсімді бөліп алуы бір қарағанда сырттан инвестиция тарту, сол арқылы жерді игеріп, пайда табу болып көрінгенімен, түптеп келгенде ол біз айтқан «капитал жұмсалымына» саяды. Себебі көршісі есебінен инвестиция тарту арқылы қол жеткізген пайда көзінің дені айналып келгенде «капитал жұмсалымына» тиесілі болады. Өйткені ол сол тапқан табысы арқылы, келер жылы бау-бақшасын өзі игеріп, қосымша жаңа қор құрса немесе балықшы ретінде ескі қармағын жаңалап пайда табуға бекінсе, қайығын бүтіндесе оған кеткен шығын «капитал жұмсалымынан» алынып отыр деген сөз. Қарапайым тілмен айтқанда адамның жеке өзінің тұрмысын арттырудағы әрекеті осы. Ал мұны облыс не қала деңгейінде алып қарайтын болсақ, «капитал жұмсалымы» үнемі өндірісті кеңейтуге, табысты ұлғайтуға, қаржы әкелетін басқа да табыс көздерін көптеп ашуға бағытталуы керек. Бұл тұрғыда Тараз қаласының әлеуетіне көз тастасақ, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі Былтыр 55 286,6 миллион теңге, ақты көлем индексі 111,1 пайыз, инфляция +3,5 пайыз болған екен. Биыл бұл көрсеткіш 58 миллиард 432,2 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,2 пайызды құрапты. Оның ішінде шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары 42,6 милард теңге болса, үлесі – 72,9 пайыз; Бюджеттік салымдар 14,8 миллиард теңге, үлесі – 25,3 пайыз. Банктік несиелер және басқада қарызға алынған қаражаттар 1 миллиард теңге болса, үлесі 1,7 пайызды құрап отыр екен.
Тараз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Жетпісбаев ағымдағы жылдың 9 айлық қорытындысын орындау үшін тек осы айда 14 миллард теңгеге есептілік тапсыру қажет екенін айтады.
– Межеге қол жеткізу үшін сәулет және қала құрылысы, білім, құрылыс бөлімдері және кәсіпорындар есептілік тапсыру қажет. Сол кезде жалпы көрсеткіш 9 айдың және жыл қорытындысымен 100 пайыздан асыра орындалатын болады. Дегенмен облыс әкімі мен қала әкімі арасындағы келісімде 9 айдың қорытындысымен 100 миллиард теңге жоспары қойылған. Бірақ бекітілген жоспарға қол жеткізу мүмкін емес. Себебі облыс тарапынан жоспар тым жоғары деңгейде қойылып отыр. Мысалы 8 айдың қорытындысымен 58,5 миллиард теңге есептілік тапсырылса, тек қыркүйек айында 41,5 миллиард теңге есептілік тапсырылуы қажет. Десе де біз қазір шама-шарқымыз жеткенінше осыған жұмыс істеп жатырмыз,– деді ол.