Жастар саясатында жүйелі жұмыс көп
Жастар – егемен елдің ертеңі. Ал жастарға жанашырлық танытқан мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Сондықтан ел мүддесін асқақ ұстайтын дарыны мен қарымы келіскен жастар тәрбиелеуге айрықша назар аударылып, нәтижесінде жастарға қатысты түйіні тарқатылуға тиіс мәселелер оң шешімін табуда.
Бүгінде Жамбыл облысында 255 (255 240) мыңнан астам жас бар. Оның 95 115-і қалада (37,3 пайыз), ауылдық елді мекенде 160 125 мыңы (62,7 пайызы) тұрады. Жастар жалпы облыс халқының 22,4 пайызын құрайды. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға тиісті мүдделі органдармен 767,2 миллион теңге (2020 жылы — 799,4 миллион) қаржы қаралған. Басқарма тарапынан жоспарланған іс-шаралар мен көзделген мақсатты индикаторлар орындалып, кеңестерде берілген хаттамалық тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Басқарма тарапынан жастарды әлеуметтендіруге басымдық берілді. Есепті кезеңде 6 475 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. 2021 жылдың 1 маусымына 2788 жас ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 265-і қысқа мерзімді кәсіби курсында оқытылды, 104-і шағын несие алды, 869 жас «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыды, 214-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды, 746 түлек жастар тәжірибесіне жолданып, 1489-і ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылдың І тоқсанына 2,6 пайызды (6 636 адам) құрады. Бұл басқа өңірлер арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Жастарды мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге тарту мақсатында жастарға кеңес беру автокеруені облыс аудандарына, шалғай жатқан ауылдық жерлерге шығарылып келеді. Керуенге облыстық деңгейдегі 22 мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың өкілдері мен барлығы 386 іс-шара өткізіліп, 10 мыңға (9 946) жуық жас қамтылды.
Сонымен қатар, «NEET және пробация тізімінде тұрған жастармен» 2021 жылғы арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шаралар жоспарында нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған. Жоспар бойынша жыл басынан 16 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 655 жас жұмысқа орналасты (оның ішінде NEET санатындағы-51, пробация тізімінде тұрған-61 жас).
«Жасыл ел» еңбек жасағына облыстық бюджеттен бөлінген 53,4 миллион теңгеге жұмыссыз, NEET жастар маусымдық жұмыстарға тартылуда. Жыл соңына дейін 1 мың жасты тарту көзделуде,– дейді С.Қайратұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, жастардың кәсіпкерлік әлеуетін шыңдауға да тиісінше мән беріліпті. Жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы аясында
869 жас оқытудан өтіп, 43-і бизнес жоспарын қорғаса, жоба аясында 18-і грант, 104-і шағын несие алған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде облыс бойынша 1 068 жас мемлекеттік гранттың жеңімпазы атанған.