Ата кәсіптен айнымаған абайлықтар

0 490

“Қазақты Абайсыз, Абайды қазақсыз елестету қиын” деп жатамыз ғой. Расында, адалдықтан аттамай, адамзат алдындағы аманатын ақтаған арысымыздың атымен ауылымыздың аталуы — біз үшін мәртебелі мақтаныш. Тек ауыл ғана емес, білім ошағына да қазақтың бас ақынының аты телінген. Абай атының берілуінің өзі бір тарих. Оқырманға ұғынықты болсын деген ниетпен өткенге оралсақ. Ашаршылықтан арып-ашып, тарыдай шашылған жұрт тағдыр жазуымен еліміздің әр түкпіріне бас сауғалап кеткені тарихтан белгілі. Абай ауылында Сарыүйсін, Шымыр елінің ұрпақтары қоныстанғанын шулықтар жақсы біледі. Тарихқа жүгінсек, ашаршылықтан аман қалған аталарымыз Қорағаты өзенінің Шуға құятын сағасына, яғни қазіргі Мойынқұм ауылының батыс жағына келіп, екі ауыл болып орын тебеді. Екі ауыл арасы үш-төрт шақырымдай. Сарыүйсіндер “Жаңалық”, Шымырлар “Өндіріс” болып ұжымдасады. Ашаршылықтың арыны басылып, етек-жеңді жинай бастағанда соғыс өрті лап ете қалады. Соғыстан тұралаған ел-жұрттың жағдайын жақсартуға бекінген ел ағалары Төреқұл Дүтбаев пен Байсалбай Тұрапов аталарымыз аудан басшылығына сан бара жүріп, аудан орталығына жақын орналасуды көздеп Абай ауылының қазіргі орналасқан жеріне 1949 жылы “Өндіріс” колхозын көшіріп әкеледі. Осыдан кейін араға 1-2 жыл салып “Жаңалық” ауылы да ат басын бұрады. Міне осыдан барып, екі ауыл бірігіп, ұлы Абайдың атын еленіп, колхоздасыпты. 1958 жылдары Абай ауылын аудан орталығы Новотройцкіге бөлімше қылып қосып жібереді. Десе де ауылдағы бас көтерер ел ағалары сан рет ат арылта жүріп, Абай ауылының өз алдына шаңырақ көтеруін көксейді. Бұған мына бір өлең жолдары дәлел:

Ұлы Абайдың атын алған,

Сарыүйсін, Шымыр деген ел едік.

Бөлек колхоз болмайтындай,

Қай ауылдан кем едік.

Осындай сөздер қамшылаған болар, 1964 жылы Абай ауылы өз алдына шаңырақ көтереді. Ақтылы қой өсіріп, төрт түлікті асылдандырған ауыл ретінде тарихта қалдық. Әрі ауылымыздан “Социалистік Еңбек ері” атағын алған, “Ленин” орденімен марапатталған майталмандардың бір парасы шыққанына да кеудемізді кере мақтана аламыз. Өзіне нәсіп болар, жұртына азық болар ата кәсіптің үзілуге шақ қалған жібін жалғап, шаруасын шалқытып отырған азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Бірақ, мал шаруашылығын шалқыту екінің бірі қисынын таба білетін шаруа емес. Сондықтан да болар, «Мал баққанға бітеді» деген дана халқымыз.

Бір кездері «Жібек жолы» арқылы Ресей, Орта Азия базарларын қазақтың басты тауары мал және мал өнімдері жаулағаны тарихтан белгілі. Нақ осы елімізде өсірілген төрт түліктің түрлі бағыттағы өнімдері кешегі Кеңес заманында да талай жұртты жарылқағанын жақсы білеміз. Міне, бүгінгі қоғамда да ата кәсіптен қол үзбеген жандар арқылы бұл сала да дамудың даңғыл жолына түсті десек, артық болмас, сірә. Қолдау арқылы қорамыз малға толса, қазан түбінен қаспақ кетпей, ернеуінен май төгілер күнге жетерміз.

Тобахан БАЙГИСИЕВ,

Өндіріс ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.