Спортты серік еткен мемқызметшілер
Бүкіл қазақстандықтың биік тұғыры – тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы ел көлемінде кеңінен аталып өтіп жатқанын кез келген басылымнан, баспасөз беттерінен аңғаруға болады. Себебі, егемендік – азаттықты аңсаған қазақ халқына тәңірдің тартқан тәтті сыйы. Бүгінде мерейтойдың түпкі мән-мағынасын кейінгі толқынның санасына сіңіру үшін айтулы датаға орай түрлі деңгейде жарыстар, байқаулар, спорттық бәсекелер өтіп жатқаны белгілі. Бұл игіліктер өскелең ұрпаққа ата-бабалардың қанымен келген ұлы ұғымды қадірлеп, бейбітшіліктің бағасын ұғындыра түсетіні даусыз.
Бүгін Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек айтулы мерекеге орай көпке үлгі боларлық игілікті іске мұрындық болып, мемлекеттік қызметшілер арасында Жамбыл ауданы әкімдігімен үлкен футболдан жолдастық кездесу өткізді.
Ауданның аяқдопшыларын аудан әкімі Сәкен Арубаев Қаратау қаласындағы орталық стадионға бастап барды. Сәні мен кескіні үйлесім тапқан алаңның қожайындары Қанатбек Қайшыбекұлының ойынға құрған жоспарын орындауға асықты.
Турнирдің ашылуында сөз алған аудан әкімдері отыз жылда еліміздің бағындырған белестерін, бірлік, достық тұрғысында салмақты сөз сабақтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қос әкімнің салауатты өмір салтын ұстануға, дене шынықтырумен шұғылдануға деген ынта-жігері, қызығушылығы алаңда теңбіл допты ұршықша шиірген ақдопшыларға серпім бергенін атап өту керек.
35 мемлекеттік қызметші қатысқан турнирге ауданымыздан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов, Айшабибі, Гродиково ауылдық округінің әкімдері Дәрмен Дәулетов, Болат Қожабеков, аудан әкімдігі ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторлары Береке Нәсіпбекұлы, Қуат Қанатұлы және ауылдық округтер мен бөлімдердің бас мамандары тамаша ойын өрнегін көрсете білді.
Жолдастық кездесу деп басталған турнир нәтижесі тең есеппен аяқталып, құрама командалар бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етті.