Уақытты тиімді пайдаланған абзал
Адам баласының бұл дүниедегі ең қымбат байлықтарының бірі — уақыт. Уақыт, ол — біздің өміріміз. Уақыт пен өмір арасындағы байланыс жылдар мен айлар, айлар мен күндер, күндер мен сағаттардан тұрады. Басқа жаратылысты айтпағанда, адамзаттың уақыт пен мекенге мұқтаж екеніне ешқандай талас жоқ. Уақытты босқа өткізу мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өз өмірімізді рәсуа қылу.
Хасан әл-Басри р.а. «Әй адам баласы! Расында сен күндерден тұрасың. Сондықтан әрбір күнің өткен сайын, сенің өмірің азая бермек», -дейді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Адамдардың көбі қадір-қасиетін біле бермейтін екі нығмет бар, олар – денсаулық пен бос уақыт»,-деп айтқан. Күллі жаратылыстың тағдырда белгіленген өзіндік мезгілі мен өлшеулі уақыты бар.
Ол турасында Құранда: «Әрбір үммет үшін белгіленген кесімді мерзім бар (яғни, әр үмбеттің өз ажалы бар). Сол мерзім толып, ажалы жеткенде олар оны бір сәтке кейінге шегере де, бір сәтке тездете де алмайды»,- деп айтылады. («Ағраф» сүресі, 34-аят).
Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз:
Өмірдің басы – бала, ортасы адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тәмам! – деп жырлауы да бекер емес.
Өмірдегі қай салада болмасын жетістікке жеткен ұлылар, ең біріншіден уақыт құндылығын түсініп, өз уақыттарын тиімді істерге жұмсай білген.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бір өлең шумақтарында:
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді, дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!–деп, уақытын бағаламаған, оны бос өткізген адамдар үшін өкінген. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күнделікті тұрмыс – тіршілігін белгілі бір жүйеге реттеп, бірінші кезекте құлшылықтарына ден қойып, сонымен қатар, халқына және өзінің жеке өміріне пайдалы істерге жұмсайтын болған. Әрбіріміз ардақты Пайғамбарымызды с.а.у. үлгі тұтып, уақытымызды ақырет пен дүниемізге һәм ғылым-білімге пайдасын тигізер игі істермен жүйелеуіміз қажет. Құлшылық пен жұмыс кәсіптен бөлек, ағайын-туыспен қарым-қатынасты сақтау, отбасы мүшелеріне де үнемі уақыт тауып көңіл бөлу және спортпен айналысып, денсаулыққа да мән беру мұсылманның күнделікті жоспарынан тысқары болмауы керек.
Мұсылман адамның күнделікті өмірі бір сарында өтпеуі үшін әрқашан жаңа белестерді бағындырып, үздіксіз дамуға бастайтын қадамдарға үнемі ұмтылып отыруы тиіс. Мұсылманның бүгіні кешегі күнінен де пайдалы әрі берекелі болып, ертеңге қойған мақсаты бүгінгісінен де жоғары болуы керек. Алла Тағала бізді уақыт құндылығын сезінген, өмірімізді ізгі амалдармен өткізген құлдары қатарына жазғай.
Талғат КӘРІБАЙҰЛЫ,
Шу ауданы «Төле би» мешітінің бас имамы.