Екі отбасы баспаналы болды
Шу ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Асарлатып үй салу» жобасы жалғасын табуда.
Бұл жолы қуанышты сәт Мойынқұм ауылдық округіне қарасты Қорағаты ауылында өтті. Үш баланы асырап отырған Мекебаевтар отбасы осыған дейін жеке баспаналары болуын тағатсыз күтіп жүрген. Себебі өз баспаналары отқа оранып, түгі қалмай өртеніп кеткен екен. Осы орайда ауданның жаны жомарт жандары үй құрылысына қажетті құрал-жабдықтар алып, баспана тұрғызуды бастап кетті.
Жуырда Мекебаевтар отбасына су жаңа үйдің кілті табысталып, қоныстоймен арнайы құтықтау үшін аудан әкімінің орынбасары, ауданның бас имамы Б.Әміреев, ауыл ақсақалдары, сондай-ақ баспананың тұрғызылуына қолдау көрсеткен азаматтар арнайы келді. Өз кезегінде Мекебаевтар отбасы алғыстарын білдірді.
Дәл осы күні Жаңақоғам ауылдық округіндегі бір отбасы да көптің көмегімен қонысты болды. Асылхан Ақсақаловқа аудандық мәслихат депутаттары баспананың символикалық кілтін табыс етіп, қуаныштарымен құттықтады.
Атап өтерлігі, бұған дейін ауданда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 7 үй берілген болатын. Бүгінгі күні жанашыр азаматтардың қолдауымен тағы 10 үй салынуда.