«Ашық есік» күні өтті

0 251

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алты бағытқа басымдық берілген. Соның бірі – білімнің салтанат құруы. Осы орайда аудан бойынша ауқымды, кең игі жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдегі ағарту саласын дамытуды діттеген білім ордаларының бірі –аудандық «Балалар жасөспірімдер орталығы». Аталмыш білім мекемесінің ұстаздар қауымы бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге үлестерін қосуда, ал шәкірттері өз кезегінде білім бәйгелеріне қатысып, биіктерден көрініп жүр.
Бүгінгі күні елімізде орын алып жатқан пандемияға байланысты өткен оқу жылында орталық мұғалімдері күнделікті сабақтарын онлайн форматта өткізіп, әр үйірме жетекшісі «whatsapp» әлеуметтік мессенджері арқылы оқушыларға сабақ өткізген болатын. Енді ол күндер артта қалып, кешегі өткен 1 қыркүйек – Білім күнінде орталық санитарлық талапты сақтай отырып «Ашық есік күнін» өткізіп, оқушыларға қайта есігін ашты. «Тәуелсіздік жетістіктері» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырған білім мекемесі өнерлі оқушылардың ән мен биін тамашалап, жадырап қалды.
Орталық директоры Нағима Жарылғанқызы көпшілік алдында сөз сөйлеп, білім алушыларға ізгі тілегін жеткізді.
Осыдан кейін қабылдау комиссиясы жаңадан тіркелушілерге үйірмелер жұмысын таныстырып, таңдау жасалғаннан кейін тіркеп жатты. Ал ұстаздар өз пәндері бойынша шеберлік сыныптарын жүргізді.
Білім беру мекемесіне үйірме жұмыстарынан бөлек аудандық «Жас ұлан» жасөспірімдер ұйымының жұмысы тікелей қарайды. Жасұландық жасөспірімдердің белсенділігі жоғары екендігін көп шаралардан байқап жүрміз. Жасұландықтар мерекелік шараларға, өнер байқауларына, түрлі форумдарға қатысып, жан-жақты даму үстінде. Сондай-ақ, аудандағы сенбіліктерге қатысып, тал-дарақтар отырғызып, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің және жалғызбасты қарттардың ауласын тазалауға белсенділікпен атсалысып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелігіндегі жасұландықтар саны — 8120, жасқырандықтар саны — 7648, барлығы — 15768. 41 тәлімгер тәрбие жұмысымен айналысуда. Барлық мектептерде «Жас Ұлан» бөлмесі талапқа сай безендірілген.
Балалардың қабілетіне қарай тәрбие беріп, дарынын арттырып, оларды шыңдау бағытында жұмыс жасайтын 38 үйірме жетекшісі 29 түрлі үйірмеден сабақ береді. Ал оқушылар саны – 1731. Осы тұста атап өтерлігі, орталықтағы 2003-2021 жылдар аралығында оқушы саны 500-ден 1731-ге өскен. Яғни, балалардың қосымша үйірмелерге деген қызығушылығы артып келеді. Түрлі бағытта білім алатын оқушылар пәндік олимпиадаларға, шығармашылық байқауларға (жас ақындар айтысы, жас қаламгерлер байқауы, әншілер мен бишілер байқауы, сурет байқауы, қолөнершілер көрмесі) спорттық және мерекелік шараларға белсенді түрде атсалысуда.
Орталықта тәрбиеленетін оқушылар мектепішілік байқауларда шыңдалып, бақтарын аудандық, облыстық, республикалық байқауларда сынап, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында аудандық байқаулардан 38, облыстық байқаулардан 37, республикалық байқаулардан 86 бала жеңімпаз атанып, барлығы 161 бала жеңіс тұғырынан көрінді.
Бүгінгі әлемдік бәсеке заманында бізге сергектік пен серпіліс керек. Президент ұсынған тың идеялар — жаңа нәтижелі көкжиектерге бастайтын күш екені анық. Бұл ретте оқу ордалары қоғамдық сананы жаңғыртудың қозғаушы күші болуы тиіс. Оны көзі ашық, көкірегі ояу кейінгі буын өкілдері де терең түйсінеді. Ал бізге белгілі аудандық балалар жасөспірімдер орталығын бағдары анық білім ордасы деп айтуға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.