Жаңа нысан есік ашар күн жақын
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау ауданымыздағы мәдениет саласын да құлдыратып жіберген болатын. Еңсесі түскен экономика мәдениетті көтермек түгілі адамдарға нан тауып беруге әзер күші жетіп отырғаны әлі есте. Тамағын базар жағалап іздеп, қолда барын сатуға көшкен сол кездегі тірліктің тым көмескілігі көпке дейін сол заманда өмір сүрген жандардың жадынан өшпесі анық.
Тәуелсіздік алып, байрағын тіктеп, экономикасын алға сүйреген отыз жыл ішінде көп нәрсе өзгерді әрине. Бірақ, төбесі ортаға түсіп, қабырғалары қақырап, есік терезелері мен өзге де жарамды дүниелері «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен мәдениет ошақтарын қайта қалпына келтіру үшін үлкен қаржы талап етілді. Он тоғыз ауылдық округі, қырық бір елді мекені бар Қордай ауданы үшін бұл оңай шаруа болған жоқ. Дей тұрғанымен, бертін келе еңсесін тіктеген ауданда мәдениет үйлері қайта түлей бастады. Қордай, Кенен, Степное, Ауқатты және тағы басқа ауылдардағы мәдениет үйлері соның айғағы. Ал, күні кеше Жамбыл ауылында жаңа мәдениет ошағының іргетасы құйылып, қабырғасы қалана бастады. Бір кездері былғары өңдеу зауытымен аты шыққан ауыл тұрындары жұмыстан кейін келіп тынығатын, түрлі фильмдер көріп, концерттерге қатысатын орын сол былғары зауыт аумағында орналасқан болатын. Ғимарат жекеге өткенде ол да соның құрамында жеке меншікке кете барған тұғын. Ескі ғимараттың майы шылқып, маңдай жарқырағанын ауыл жұрты одан кейін көрген жоқ. Аудан басшылығымен жыл сайынғы ресми, бейресми кездесулерде тұрғындар көтеретін сұрақтар ішінде мәдениет үйі мәселесі ешқашан сырт қалмайтын. Көптің тілегі көпке ұзағанымен бүгінде орындалатын күн жақын.
«Ауылымызда осындай алып құрылыс басталғанына қуанышымыз шексіз. Мәдени нысан Жамбыл ауылы сияқты іргелі елді мекенге керек-ақ. Оны бұрыннан бері айтып келеміз. Бірнеше мың тұрғыны бар, мыңнан астам оқушысы бар округ үшін бұл қуанышты жаңалық. Бұл мәдениет үйінде түрлі үйірмелер жұмыс істеп, түрлі қойылымдар мен концерттер, үлкен келелі жиындар өтетін болады. Тілегімізге құлақ асып, арманымыздың орындалуына мұрындық болған ауданымыздың, облысымыздың басшылығына айтар алғысымыз шексіз», — дейді Жамбыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Оразшаев.
90 орындық мәдениет үйін салу үшін бюджеттен145 млн. теңге бөлінген. Құрылысты мердігер «Нұрбек» ЖШС жүргізуде. Сәтін салса көп ұзамай жамбылдықтар барлық мәдени шараларын жаңа нысанда кең көлемде атап өтетін болады.