Жамбыл ауданында биыл 5 ауылға газ тартылуда
Аудан әкімі Сәкен Арубаев пен аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов жұмыс сапарымен Ерназар ауылына барды. Елді мекенде газ тарту жұмыстары қарқын алған. Ауыл әкімі Қайрат Әділовтің айтуынша, тұрғындар көптен күткен «көгілдір отынды» «Энергоресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
– Биыл ауылда аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Газбен қамтамасыз етуге мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 167 млн теңге қаражат қарастырылып, шілде айында басталған жұмыстардың 90 пайызы аяқталды. Жаңбырлы күні батпақ, бұрқасын желде шаңы көтерілетін Б.Кейкиев атындағы орта мектеп пен ауылдық клубтың ауласына бюджеттен 3 млн теңге бөлініп, жол жабындысы төселді.
Ал Ақшуақ ана көшесіне асфальт төсеудің алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оған 14 млн теңге қаржы қаралған. «Нұрабдрахман» ЖШС жұмыстарды жақын күндері аяқтайды, – дейді ауыл әкімі.
Ауылдағы өзгерістерді аралап көрген Сәкен Қаланұлы жұмыстар кемшіліксіз жасалуын назарға алуды тапсырды.
– Атқарылған игіліктің басы-қасында жүріп, кейбір аулаларға газ тартылмай қалмауды қадағалау керек.
Ақшуақ ана көшесін тездетіп бастаңыздар. Бұл көше халық алдында есеп беру кездесуіне келген тұрғындардың талап-тілегі еді. Сондықтан суыққа ұрынбай аяқтау қажет, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Арубаев Өрнек ауылында болды. Жасыратыны жоқ, биыл өрнектіктердің барлық сұранысы қанағаттандырылуда. Атап айтар болсақ, Әшімұлы, Бекбенбет, Саухатов, Мұқанов көшелеріне 103 млн теңге бөлініп, жолдары асфальттануда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 210 млн 481 мың теңге қаралып, ауылдың көрнекі жерінен 140 орынды Мәдениет үйінің құрылысы басталған. «Жаңа-Кемер Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған өнер ордасының бүгінде іргесі қаланып, аумағы тұтастай қоршалған.
Бұдан бөлек мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 406 аулаға ұзындығы 30 шақырымды құрайтын табиғи отын желісі тартылуда. Мердігер «Аkbarys storu ltd» ЖШС бұл игілікке қазынадан бөлінген 310 млн 790 мың теңгені жұмсауда.
Жұмыстардың тиянақты әрі сапалы жасалуын серіктестік өкілдеріне ескерткен Сәкен Қаланұлы тұрғындардың қажетін өтеу үшін төгілген тер адал болу керектігін жеткізді.
Жалпы, ауданның газбен қамтылу көрсеткіші кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Өңірде 26 ауылға газ жүйесі тартылса, 13 ауылға бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына аталмыш бағдарлама аясында 725 млн теңге қаралып, ауылішілік көшелерге газ тарту жұмыстары аяқталса, биыл Жұма стансасы, Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына табиғи газ жүйесі кіргізіледі. Оған республикалық бюджеттен 655,3 млн теңге жұмсалуда. Осылайша, ауданда 2019 жылы газбен қамту үлесі 57,1 пайыз, 2020 жылы 61,9 пайызға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 90,4 пайызды құрап отыр.