Жамбылда 1 374 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды

0 228

Биыл Жамбыл облысындағы 27 кәсіпорын өз жұмыскерлерінің жалақысын 23 пайызға көтерген. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында айтылды.

Аймақ басшысы жиында жұмысшылардың құқығын қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жалақы берешектерін жою және болдырмау, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған төменгі жалақы мөлшерін арттыру секілді мәселелерге айрықша тоқталып өтті.

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Есіркепов әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын реттеу және тұрақты бақылауда ұстау мақсатында жергілікті әкімдіктермен және әлеуметтік әріптестермен бірлескен жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатқанын жеткізді. Жыл басынан бері үшжақты комиссиялардың 75 отырысы өткен.

Аталған комиссиялармен биыл барлығы 130 мәселе қаралып, оның 95-і жұмыс беруші мен жұмыскерді татуластыру арқылы шешімін тапқан. Қалған 35 іс азаматтық тәртіппен сотқа жолданған.

— Тексерістердің қорытындысымен жұмыс берушілерге  27 орындалуы міндетті нұсқама беріліп, жалпы құны 1 560 595 теңгені құрайтын 12 айыппұл салынған. Бүгінгі күнге айыппұлдар толығымен мемлекет мүддесіне өндірілді. Сондай-ақ, есепті кезеңде 218,2 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылып, 1374 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды, — деді баяндамашы.

Есепті кезеңде 218,2 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылып, 1374 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған.

Бұл тұрғыда еңбек қатынастарын реттеу мақсатындағы жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстардың әсері зор.

Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған негізгі шаралардың бірі – өндірістік процесстерді тұрақтандыру, жұмыскерлерді қысқартпау мәселелері жөніндегі меморандум десек, облыста жұмыс істеп тұрған 10666 заңды тұлғаның барлығында (100 пайыз) осы меморандум бекітілген. Осы орайдайға республикалық көрсеткіш – 63,7 пайызды құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.