Қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде
Байзақ ауданының тұрғындарына көмек ретінде жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, сондай-ақ көмек көрсетуге демеушілер де тартылатын болады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Бүгін өңір басшысы Б.Сапарбаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевпен бірге қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесу мақсатында Байзақ ауданының Қайнар ауылында болды.
«Сарапшы мамандар әр үйді тексеріп, қорытынды жасады. Үйлеріңіз толықтай қалпына келтіріліп, екі ай ішінде қоныстанатын боласыздар. Біз сіздермен біргеміз. Ешкімді көмексіз қалдырмаймыз», — деп сендірді Бердібек Сапарбаев.
Естеріңізге сала кетсек, Байзақ ауданында төтенше жағдай кезінде бүлінген нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін 7 жұмыс тобы құрылды. Олардың құрамына құрылыс басқармасының, ҚазҚСҒЗИ, жобалау ұйымдарының қызметкерлері және ТЖ қызметкерлері тартылды.
«Мемлекет екі ай ішінде 124 нысанды, оның ішінде 106 тұрғын үйді қалпына келтіруге міндеттеме алды. Олардың 35-і күрделі жөндеуді қажет етеді, қазіргі таңда 29 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталды. Қалған 71 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде және бұл жұмыстар 60 пайызға орындалды. Сондай-ақ, 4 әлеуметтік нысан қираған, оның үшеуіне ағымдағы жқндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, апатты жағдайда тұрған Жібек жолы ауылындағы №5 орта мектептің ескі мектеп орнына жаңа 150 орындық мектеп салу туралы шешім қабылданды»- деді Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Жандос Байырханов.
«Біздің үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына үш күн болды. Жұмысшылар күн сайын таңғы 9-да келіп, кеш батқанда қайтады. Жөндеу жұмыстары басталмай тұрып, құрылыс жасағының бақылаушысы (бригадир) үйдің толық қалпына келтірілетініне сендіріп, қандай жұмыстар жүргізілетінін түсіндірді», деді Қайнар ауылының тұрғыны Өсембай Еркембай.
Еске сала кетейік, 26 тамызда сағат 18.45 -те «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оқ -дәрілерінің базасының қоймалар өртенді. Әскери бөлімнің өрт сөндіру бөлімдері өртті дереу оқшаулауға кірісті, әскери бөлімнің кезекшісі Байзақ ауданының төтенше жағдайлар бөліміне дереу хабарлады. Өтті сөндіру үшін бастапқы кезеңде 500-ге жуық қызметкер жұмылдырылған. 31 әскери техника, 24 өрт сөндіру көлігі оқиға орнында жұмыс істеді.