Екі мектеп ашылып, бірнеше баспана берілді
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Оның шапағатын Қордай ауданы да сезініп отыр.
Мәселен, Масаншы ауылында 1200 бала білім алатын жаңа мектеп ашылса, «Күнбатыс — 2» ауылында да 150 орындық негізгі мектеп пайдалануға берілді. Көптен күткен қуанышты ауылдағы ағайын зор ризашылықпен қабылдап, өз алғыстарын жеткізді. Мектеп құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл мектепке алдағы уақытта әл-Фарабидің есімін беру жоспарланып отыр. Тиісті орындарға ұсыныстар жасалған.
«Күнбатыс — 2» ауылындағы 150 орындық жаңа мектепте 147 оқушы білім алады. Оларға 20 мұғалім дәріс оқиды. Мектептің салынуына 529 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың қолдауымен былтыр Қордай ауданына ел бюджетінен 36 миллиард теңге бөлінді. Нәтжесінде былтыр 4, биыл тағы 4 спорт кешені, биыл 4 мектеп және тұрғын үйлер де салынынып жатыр. Қазіргі таңда облыс аумағында 21 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында 7 мектеп пайдалануға берілді.
Масаншы, Күнбатыс, Сортөбе ауылдарының тұрғындары оң өзгерісті ерекше қабылдап, өз ризашылықтарын жеткізді. Масаншы ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров: «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Оның шапағатын біздің Масаншы ауылы да сезініп отыр. Ауылға тегіс газ кірді, таза ауыз су бар, жол жөнделді. Енді міне заманауи үлгідегі жаңа мектеп ашылды. Бұл тұрғындарға деген үлкен жанашырлық. Сол үшін Ел Президентіне, облыс әкіміне алғыс білдіремін. Қазір Қордайда тұрғындардың бәрі тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте өмір сүруде» десе, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиті пәнінің мұғалімі, әрі ата-ана Шехуар Мумарова: «Жаңа оқу жылын жаңадан салынған кереметтей зәулім мектепте бастағанымызға өте қуаныштымыз. Былтыр ел Президенті Қордайға келгенде біз ол кісіге жаңа білім ошағын салу жөнінде өтініш айтқан едік. Мемлекет басшысының қолдауын көп ұзамай сезініп отырмыз. Бұрынғы мектеп ескі, сынып кабинеттері аз болатын, спорт залы жоқ еді. Енді міне жаңа мектепте үлкен спорт зал, робототехника кабинеттері бар» деді шаттық сезімін жасыра алмай.
Сонымен қатар, Сортөбе ауылында құрылысы аяқталған тұрғын үйлердің кілті табысталды. Мұнда екі пәтерлі 20 тұрғын үй салу жоспарланған әзірге 10 үйдің құрылысы толық аяқталған. Қалған 10 үйдің жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, «Асар» жобасы аясында көпбалалы анаға жаңа пәтердің кілті табысталды.