Жол жабыны талапқа сай ма?
Жамбыл ауданы облыс орталығына жақын жатқандықтан мұнда қалалықтар қамтылған барлық заман игілігі бар. Алайда елді мекендердің бәрі тақтайдай тегіс жолмен қамтылды дей алмаймыз. Мұны осы саланың мамандары жоққа шығармайды.
Бүгінде тұрғындардың билікке деген айтар ұсынысы, пікірі, талап-тілегі назарға алынып, азаматтармен кері байланыстың жедел орнатылып жатқаны Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуының айқын көрінісі екені белгілі.
Естеріңізде болса, апта басында Өрнек ауылының тұрғындары С.Мұқанов көшесіне төселген асфальттың сапасында кінәрат бар екенін айтып, наразылығын білдірген болатын.
Жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырған жол сапасын арнайы көруге барған Жамбыл ауданының әкімі Сакен Арубаев «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынған Сәбит Мұқанов көшесіне «Жол активтерінің Ұлтық сапа орталығын» шақыртып, зерделететінін айтқан болатын.
Бүгін өрнектіктер шағым түсірген жолдың сапасына көз жеткізді. Алайда, орталық мамандарын облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтың өзі бастап келуі, жоғарыда айтқан Мемлекет басшысының тұжырымдамасының орындалуы деңгейін көрсетіп тұрғандай.
Ауыл азаматтарының қатысуымен өткен сараптама нәтижесінде, жол жабындысының тереңдігі жобалық-сметалық құжатта 5 см болуы керек болса, мұнда 6,5-8 см-ге дейін жеткен.
Ал ені 4 метр болып көрсетілсе, мердігер компаниясы артығымен яғни, 4 метр 20 см-ге дейін асфальт төсеген.
Сараптама тұрғындар өтінішімен басқа да жерлерден алынды. Бәрі талапқа сай жасалғаны анықталып, тұрғындар өтінішке жедел құлақ асқан басшыларға ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ басқарма басшысы Б.Жәнібеков басқада ауылдардағы жолдың сапасын тексеріп, тікелей эфирде көрермен назарына ұсынды.
«Сөзден – іске» дегеніміз — осы. Апта басында айтылған ауыл азаматтарының уәжі бүгін дәйекті дәлелмен назарға ұсынылды.