Қоршаған ортаға қамқорлық керек
Экология мәселесі аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Дегенмен облысымыздың кей аймақтарында тыйым салынған орындарға күл-қоқыс тастау, от жағу секілді фактілер көбеймесе, азаймай, экологиялық жағдайға кері әсерін тигізуде. Бұған облыс бойынша экология департаменті ұйымдастырған рейд барысында көз жеткіздік. Мәселен «Бек» базарының жанындағы саудагерлер қоқыстарын жинайтын жер мамандардың айтуынша қауіпті аймақтардың бірі екен. Жиналған қоқыстар күнделікті кешкісін өртеледі. Негізі бұл арнайы қоқыс төгетін жер емес. Дәл түбінен темір жол желісінің рельсі өтіп жатыр. Ал үстінде электр энергиясының жоғары вольтты сымы жүргізілген. Алайда, мұндай орындардағы қауіпті білгенімен, көзбен көргенімен экология департаменті оған тыйым сала алмайтын көрінеді. Бұл департаменттің құзырына тек алдын алу ғана кіреді екен. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505 бабында көрсетілгендей, заңсыз орындарға қоқыстың тасталғанына жергілікті атқарушы орган жауапты. Ал шара қолдану, заң аясында жазалау жергілікті полицияның құзырындағы іс.
Мұндай бейберекетсіздік көне шаһарымыздың туристер көп келетін бірден-бір көрікті орыны «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің маңайынан да көрініс береді. Шашылып жатқан күл-қоқыстан көз сүрінеді.
Ал Тараз қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мұрат Қалибаев рейд барысында анықталған олқылықтарды көп ұзатпай жойып, қажетті шараларды жасайтындарын сендерді.
Байзақ ауданында да осындай мәселе. Тіптен бұл жерде үй жануарларының өлекселері де кездесті. Иісі қолаңса сасыған аймақ, аурудың да таралуына өз ықпалын тигізетінін жеткізді, мамандар. Аталмыш аудандағы тұрмыстық қалдықтарды жинауға міндетті мекеме – «Алди» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоқыстарды жинайтын жеріне де бардық. Мұнда да заңсыз әрекеттер орын алып, қоқыстар өртелу үстінде екен.
Ал, мамандардың айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды өртеудің де өз жөні бар. Заң бойынша тек медициналық қалдықтарды өртеуге ғана рұқсат берілген. Ал целлофан, пластик бөтелке секілді материалдар қайта өңдеуге жіберіледі. Әйнек сынықтары күн көзі қатты түссе шағылысып, от шығуы мүмкін. Осы секілді өртеуге болмайтын тұрмыстық қалдықтар көп. Сондықтан күл-қоқыстарды заңмен бекітілген жерге жинап, іріктеп, сарапталған материалдарды тиісінше жою керек. Өртеуге болмайтын және қайта өңдеуге келмейтін қоқыстарды жер астына көмеді. Қайта өңдеуге жіберілетін заттар жер астына көмсе, белгілі бір уақытында газға айналуы әбден мүмкін. Сол секілді целлофан, пластмассадан жасалған бұйымдар қанша жыл өтсе де жер астында шіріп, жойылып кетпейді. Міне осындай әр заттың өзіндік қасиетіне қарай күл-қоқыс та іріктеледі.