Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі Жамбыл облысының тәжірибесі өзінің тиімділігін көрсетті — А. Мамин
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны кеңейту мәселесі қаралды.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, ауыл шаруашылығы вице-министрі – министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.
2019 жылғы қыркүйекте Үкімет отырысында «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» пилоттық жоба мақұлданды, оны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 7,2 млрд теңге бөлінді. Ақшалай қаражат 2,5% мөлшерлемемен берілді.
Бағдарлама 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады: үй жанындағы жерлерді тиімді пайдалану, үй малдары мен құстарының өнімділігін арттыру, жем-шөп және жайылым проблемаларын шешу үшін үлестік жер телімдерін ұтымды пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жарақтандыру, ауылдағы бизнес-жобаларды қаржыландыру.
Пилоттық жоба Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде іске асырылып жатыр, 8 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық, оның ішінде 51 мыңнан астам тұрғын қамтылған.
Бағдарламаны іске асыру аясында кәсіпкерлер саны 3 есеге артты, АӘК алушылар саны 3 есеге азайды, бағдарламаға қатысушылардың табысы 2 есеге дейін өсті.
Облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің НКИ 2020 жылы 105,1% құрады (2019 жылы – 103,7%).
ҚР Премьер-Министрі ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі облыстың тәжірибесі өз тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшысының қолдауына ие болғанын атап өтті.
«Бұл жобаны еліміздің барлық өңірінде қолдану керек, тиісті оқытуды ұйымдастыру қажет», — деп атап өтті А. Мамин.
ҚР Премьер-Министрі Ауыл шаруашылығы министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бір ай ішінде жобаны басқа өңірлерде де кеңінен қолдану жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.