Қырғызстаннан жіберілетін судың көлемі ұлғайды
Қырғызстаннан Қазақстанға ағын су жеткізетін Георгиевка магистралды каналын су берудің көлемін секундына 9,8 текше метрден 12 текше метрге дейін ұлғаймақ. Сонымен қатар 2023 жылға дейін Тоқтоғұл су қоймасынан Қазақстанға жыл сайын маусым-тамыз аралығында 330 миллион текше метр ағын су жіберіледі. Үкіметаралық деңгейде Шу өзенінің бассейні бойынша су өткізу кестесі туралы келіссөздер нәтижесі жамбылдық шаруалар үшін ағын су тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етті.
Негізінен бастауынан Қырғызстан жерінен алатын трансшекаралық өзендердің суына тәуелді Жамбыл облысының шаруалары биыл егістік суаратын судың тапшылығын қатты сезініп жатыр. Сондықтан да қазір жергілікті әкімдік пен су ресурстарын бақылау жөніндегі салалық ведомство бірігіп бұл бағытта жүйелі жұмыстарды қолға алды. Трансшекаралық өзендердің суына негізінен Меркі, Қордай, Жамбыл және Байзақ аудандарының шаруалары тәуелді. Соңғы жылдары мұндағы диқандар вегитациялық кезеңде ағын судан таршылық көріп, егіс алқабынан мол өнім жинай алмай жүр. Сондықтан бұл мәселеге облыс әкімдігі айрықша назар аударды. Су шаруашылығына жауапты ведомствомен әрптестік байланысты жолға қойып, жамбылдық диқандарды алаңдатқан мәселені тез арада шешуге қам жасады. Нәтижесінде қырғыз тарапы алдағы 3 жылда жергілікті шаруаларға жеткілікті суды жіберуге келісті.
Сәйкесінше облыстық әлеуметтік экономикалық дамытудың көп жылдық жоспарына сай өңірдегі ағын су тапшылығы мәселесін шешудің кешенді шаралары қабылданған. Аталған жоспар аясында 2023 жылы облыс көлемінде 7 жаңа су қоймасы салынбақ. Сол арқылы облыс аумағындағы 34 мың гектардан астам суармалы жер қайта қалпына келтіруге болады. Сонымен қатар ағын суды тиімді пайдалану оның техникалық шығынын азайту мақсатында су арналарына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Ағын су мәселесін шешуде облыс әкімдігі мен Үкімет деңгейінде қолға алынған жұмыстар арқылы өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына лайықты жағдай жасалады. Қазірдің өзінде облыста егін шаруашылығы негізгі саланың біріне жатады.
Бүгінгі таңда облыста 760,8 мың гектар егіс алқабы бар. Егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25,8 мың гектарға артқан. Суармалы егістік алқабы Қордай және Шу аудандарында жыл санап ұлғаюда. Осыдан-ақ транс шекаралық өзендерге тәуелді аудан диқандары үшін ағын су мәселесі бойынша көрші елмен келіссөз жүргізудің тиімділігін аңғаруға болады.