Саяси ахуал тұрақты
Азаттықтың ақ таңы атып, қазақ елі өз алдына мемлекет болғанда ел болып кетуімізге күмәнмен қарағандар болғаны рас. Өйткені КСРО ыдырап, қаржылық дағдарыс салдарынан ел басынан аумалы-төкпелі кезеңді өткізіп жатқанда кез келген мемлекеттік сала қирап жатқан еді. Ел басқару ісінде тәжірибесі бар мамандар тарихи отанына қайту есебінен сенім жүгі тек өзімізге артылған еді. Мемлекеттік құрылыстың да қалыптасу жолы, егемендікті түбегейлі шегендеу, саяси тұрақтылықты нығайту аса күрделі жағдайда жүргізілді. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға бет бұрған еліміз өзге елдермен арадағы шекараны нығайтуға тырысты. Дегенмен әу басте еліміз өзге елмен ашқы қарым-қатынасқа көшкенде шетелден тауармен қоса өзге дінді насихаттаушы миссионерлер де ағылып келіп жатты. Осы мәселелерді реттеумен қатар, республикамыздағы саяси жүйені демократияландыру үдерісі сол сәтте жедел қолға алынып, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізілді. Соның ішінде қазақ қоғамындағы бейбіт өмір мен қоғамдық келісім мемлекет басшылығы мен барлық қазақстандықтардың біріккен күш-жігерінің арқаында орнықты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан әбішұлы Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында саяси тұрақтылық мәселесі дұрыс жолға қойылып, мемлекеттің саяси режімі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейі жоғары көрсеткішке ие болды. Сол кезде Елбасының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы халықты тығырықтан алып шыққан еді. Мәселен барлық басымдық ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің және қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақталуын, ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған еді. Соның арқасында Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арқылы қақтығыстарды реттеуге, орайы келгенде төрелік айту дәрежесіне дейін көтерілді. Бейбітсүйгіштігіміздің арқасында әлем қазақ елін қауіпсіз аймақ ретінде таныды. Ендігі мәселе осындай құндылықты құнттау, қолда бар дүниені, мүмкіндікті уыстан шығарып алмау біз үшін аса маңызды міндет.Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында әңгімеген негізінен осы мәселелер арқау болды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтің айтуынша, дәл қазір өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, аймақтағы қоғамдық-саяси жағдайды бақылау үшін сәт сайын әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп тұрады екен. Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарының картасы да жасалған. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында мемлекеттік және құқық қорғау органдары амамандары азаматтарды қабылдауды қолға алған. Әлеуметтік мониторинг нәтижелері бойынша облыс тұрғындарының өз өміріне, тұрмысына қанағаттанатыны, жалпы бұл тұрғыда оң динамикасы қалыптасқаны байқалыпты. Сол жиынжда аудан әкімдері бейнеконференциялық байланыс режимінде өңірлердің қоғамдық-саяси ахуалын және әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған болатын.
– Жүйелі түрде жүргізілетін әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Ешқандай өзекті мәселені назардан тыс қалдырмаңыздар. Сонымен қатар, аудан әкімдіктерінің, жауапты ведомстволардың, құқық қорғау органдарының өзара жұмысын күшейту керек. Әрбір елді мекеннің өзекті мәселелерін зерделеп отырыңыздар. Мәселелерді тек анықтап қана қоймай, оларды шешу үшін барынша жұмыс жүргізіңіздер. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету, – деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкімі жиын соңында жауаптыларға тұрғындардың әлеуметтік төлемдерді уақытылы алуын қадағалауды, ауылдық округ әкімдерін сайлауына қатысты мәселелерді бақылауда ұстауды, мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, құқықбұзушылықтардың алдын алу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауды, карантиндік шектеулердің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.