Биыл ҰБТ алғаш рет электронды форматта өтті
2021-2021 оқу жылы жамбылдық оқушылар үшін жемісті де жеңісті аяқталды. Өткен оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысқан 188 оқушының 107-сі жеңімпаз атанып, алтын, күміс, қола медальдармен және I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталған. Осылайша бәсі биік білім бәсекелерінде дарыны мен қарымы келіскен жамбылдық оқушылар алға озып, өңір мерейін үстем еткен.
«TIMSS» халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша облысымыздағы 4, 8 сынып оқушылары республика бойынша жоғарғы көрсеткішпен І орынды иеленіпті. Сондай-ақ биыл олимпиаданың республикалық кезеңіне облыстан 79 оқушы қатысып, 35 оқушы жүлделі орындардан көрінген. Оның 8-і алтын, 12-і күміс және 15-і қола медаль иегері. Одан бөлек облыс оқушыларынан құралған команда «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, үздіктер қатарынан табылыпты.
Бұдан бөлек өңірдің 8 мектебі «100 үздік мектептің» қатарына енсе, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп – 2021» атағына лайық деп танылған.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан өткізілген «ҚР колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауына жамбылдық 14 студент жолдама алып, 3-уі жеңімпаз атанған.
Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың сөзіне сүйенсек, 2020-2021 оқу жылын 238 мыңнан астам оқушы бітірген. Олардың 11 мыңнан астамы — 11 сынып түлектері болса, 20 мыңға жуығы — 9 сынып оқушылары. Бітірушілердің 461-і «Алтын белгі», 538-і түлек «Үздік аттестатқа» ие болыпты.
– Елімізде биыл алғаш рет ҰБТ электронды форматта компьютерлік тест түрінде өтті. Қазақстан бойынша ҰБТ 6 мамыр-30 маусым аралығында жалғасты. Тестілеу облыс аумағында екі «Ustudy» ЖШС-нің ҰБТ тапсыру 2 пункттерінде өткізілді. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектер үшін өте тиімді болды. Атап өтер болсақ, мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік алды. Түлек тесттің қайсысынан жоғары балл жинаса, сол нәтижесі бойынша мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады.
Былтырғы жылы аудиториядан шығарылған түлектердің саны 189 болса, биылғы жылы аудиториядан 18 мектеп бітірушілер шығарылды,– деген Талғат Салқанұлы Ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл 11222 мектеп бітірушінің 8142-і, яғни 72,5 пайызы қатысқанын тілге тиек етті.
Ал өңір бойынша тестілеудегі орташа балл 83,2 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға жоғары болыпты. (2020 жылы – 70,2 балл).
Білім бәсекелерінде жамбылдық жастардың мәртебесі әрдайым биік болсын.