«Көмек керуені» аудандарды аралады
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен «Көмек керуені» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылуда. Барлық ауданда өткен іс-шараға 1000-нан аса жас қамтылды. Негізгі жобаның мақсаты жастарды игі іске тарта отырып, түрлі форматтағы іс-шаралардың ауқымын барынша кеңейту. Мәселен, «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы, жалғызбасты қарияларға барлығы 50 отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді. Онда бірінші кезекте қажетті күріш, макарон, сары май, шай, қант және т.б. азық-түліктер қарастырылған.
Сондай-ақ керуен аясында 20-дан аса сенбілік, 20-ға жуық жалғызбасты қарияның үйін тазалау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жастар үшін тәлім-тәрбиесі мол кездесулер, семинарлар мен тренингкттерде өтті.
Жоба аясында аталған шаралардың барлығы аудандық көлемде жүзеге асырылды. Солардың бірі Жамбыл ауданы Аса, Қарасу, Көлқайнар ауылдық округтеріндегі өткен шаралар. Онда жалғызбасты ана, аз қамтылған 5 отбасыға әлеуметтік сыйқалталар таратылды. Атаулы әлеуметтік сыйқалталарды облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Алібек Таутен және ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Айбек Қадыралиев табыстады.
Ал, «Ерікті кеңес беру» жобасы аясында аудандық жастар ресурстық орталықтарының бастамасымен терапевт дәрігердің, психолог және теолог мамандардың, сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері аудан тұрғындарына тегін кеңестер берді. Оған ауыл жастары ғана емес жалпы тұрғындары келіп, өздеріне қажетті сауалдарын жолдады. Бірі, мемлекеттен берілетін жәрдемақы жайында білгісі келсе, енді бірі жұмыспен қамтудың жолдарын сұрастырды. Дәргерлердің де қарауында аз адам болған жоқ. Келушілер өздерін мазалап жүрген жәйттерді айтып, мамандар оларға нақты әрі тиянақты жауап берді. Ал, теолг мамандар ауылдағы діни ахуалға кеңінен тоқталып, теріс пиғылды ағымнан сақтану жолдары жайында айтып, азамататтарға арнайы парақшалар таратты.
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа онлайн және офлайын форматта аудан жастарына «Мәңгілік ел жастары – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында лекция оқыды. Сондай-ақ жоба аясында мектеп бітіруші тұлектерге мамандық таңдау бойынша онлайн форматта түсіндіру жұмыстары жүргізілді.