Жаңа айналма жолдың маңызы зор
Тараз қаласының Қырғызстан шекарасына оңтүстік айналма жолының пайдалануға берілуімен Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстың қарқыны еселене түсті. Транзиттік жүк көліктеріне облыс орталығын айналып өтуге мүмкіндік берген 16,1 шақырымдық жолдың көлік жүргізушілерінің уақытын бір сағатқа дейін үнемдейді. Авто жолдың құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаны іске асыруға «Нұрлы жол» бағдарламасымен 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Алдағы уақытта айналма жолдың бойына кәсіпкерлік нысандар салынып, онда жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Қырғызстан Республикасын еліміздің өзге облыстарымен және Ресей Федерациясымен байланыстыратын транзиттік жол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында шешуге рөлге ие.
– Жаңа айналма жол пайдалануға берілгенге дейін көлік жүргізушілері Қырғызстанға бару үшін Тараз қаласы арқылы өтетін. Әрине қала болған соң онда көлік кептелісі болады. Сондықтан бұл бағытпен жүретін транзиттік көліктер осы сапарға 1 сағат уақытын артық жұмсайтын. Оның үстіне Арысы Ресейге, берісі Қырғызстанға қатынайтын жүкт көліктері ауыр салмақпен қала көшелерін зақымдайтын еді, – дейді көлік жүргізуші Сұлтан Ахметжан.
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Сабри Асанов та айналма жолдың салынуы қала маңында елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігі үшін де маңызға ие жоба болғанын алға тартады.
– Ауылымыз қала маңында орналасқандықтан ондағы көліктердің ағыны қатты алаңдататын. Әсіресе ауыр жүк көліктерінің ерсілі-қарсылы жүрісі жол бойында ойнайтын балалардың өміріне қатер төндіретін. Ойын баласының аты ойын баласы. Жолға жүгіріп жазым болады ма деп де шыбын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Ересектердің өзі де жолды кесіп өтемін деп көліктің астында қалып қоятын жағдайлар орын алды. Жаңа айналма жолдың пайдалануға берілуімен бұл мәселелер түбегейлі шешілді, — дейді ақсақал.
ЖалпыТараз қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны темір жол желісінің арғы бетіндегі тұрғын алқаптарында тұрады. Бұған дейін Қаланың екі бөлігі арасындағы қатынас Абай көшесіндегі жалғыз жол өткелі арқылы жүзеге асырылып келген. Осы өткелден өту үшін қаланың ана басынан келесі бір бөлігіне ағылған көлік ағынының 2-3 есеге өсуінен Айша бибі көшесінде темір жол желісінің үстінен жол өткелі салынған. Дәл осы өткелдің жалғасы ретінде республикалық маңызға ие «Тараз-Өтмек Қырғызстан шекарасы» автожолына жалғасқан айналма жол құрылысы қолға алынды.
Осылайша Тараз қаласындағы көлік ағыны бірнеше азайып, оның дәл іргесінде қоныс тепкен Жамбыл ауданының елді мекендері тұрғындары да қауіпсіз көлік қатынасымен қамтамасыз етілді.