Жаңа жолдың бұзылуына не себеп?

0 194

Өңірде автомобиль жолдарының ұзындығы 327 шақырымды құраса, елді мекен көшелерінің ұзындығы 5662 шақырым. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәлімет бойынша биыл 1942 шақырым жолдың 168,6 шақырымы орта жөндеуден өтуде. Ал, сол жолдардың сапасы қандай? Жөндеуден өткен жол неге қайта бұзылуда? Осы сауалдың жауабын білу мақсатында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының» инженері Ахметжан Бименовқа сауал жолдаған едік. Білікті инженердің сөзіне сүйенсек, жалпы жол үш білікті болып бөлінеді. Бірінші білікті жол 8 тонна жүк көтеруге арналса, екінші білікті 16, үшінші білікті жол 24 тоннаға арналған. Ал, жөндеуден өткен жолдан ахау шықса, зертхана мамандары  сынама әкеліп, тексереді. Қандай да бір кемшілік анықталса, тапсырыс беруші мекемеге хат жолданады. Ары қарай олқылықты реттеумен тиісті мекемелер айналысатын көрінеді. Дәл қазіргі сәтте, жиі қайталанатын жағдайдың орын алуына  негізгі себеп  ауыр жүк көліктері болып отырған көрінеді. Өйткені, республикалық маңызы бар жолдарда, жүк көліктері бекітілген нормадан аса, жүк артып, оның салмағы жолға әсер етуде.

Жалпы ағымдағы жылы республикалық маңызы бар автожолдарға 289 тексеру жүргізіліп,  270 жол құрылыс материалдары сынақтан өткізілді. Өз ісіне немқұрайлы қараған 51 мекемеге ескерту берілді.

Ал, белгіленген межеден артық жүк тасымалдаушы автокөліктерді жол көлік инспекциясы бақылайды. Инспекция маманы көбіне жолдың бағдаршам орналасқан тұсы және жол қиылысы тез талқандалатынын жеткізді. Өз кезегінде, бөлім басшысы Ерлан Ермекбаев жоғарыдаға инжердің сөзінің жаны бар екендігіп айтып, жолдың қайта бұзылуына жүк көліктері әсер ететінін жеткізді.

Дейтұрғанмен, талап пен тәртіпті сақтау мақсатында Жамбыл облысында 3 жылжымалы көлікті бақылау бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Соңғы алты айда 3063 автокөлік құралдары тексерілді. Оның ішінде 2360-ы шетелдік болса, қалғаны отандық автокөліктер. Жартыжылдықта көліктік бақылау посттарында 676 әкімшілік хаттама толтырылып, 15 856 800 теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджет есебіне 13 283 100 теңге өндірілді. Аталған мерзім ішінде ауыр салмақты және ірі көлемді жүк автокөліктеріне 556 арнайы рұқсат қағазы беріліп, 61 507 800 теңге алым сомасы өндірілді. Нақты жүріп өткен жолы үшін 159 автокөлік құралының параметрлерін өлшеу актісі толтырылып, олардан 17 752 200 теңге өндірілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.