«Дипломмен – ауылға!»
Диплом алған мамандардың бәріне бірдей университетті аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасудың сәті түсе бермейді. Жұмыс берушілер ең алдымен жұмыс тәжірибесі бар қызметкерді жұмысқа жалдауға мүдделі. Бұл жағдайда, күні кеше университет бітірген түлектерге «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі» және «Жастардың кадрлық резерві» бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, мемлекет көмекке келеді.
Айжан Тұяқова бағжардама аясында еңбекпен қамтылған жас маман. 1991 жылы 11 қарашада ауданға қарасты Күреңбел ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Сапарғали шаруа қожалықтың жұмысымен айналысса, анасы Бақыткүл үй шаруасындағы жан.
№10 Күреңбел орта мектебінде 11 жыл оқыған Айжан 2009 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде музыкалық білім мамандығына оқуға түседі. 2013 жылы оқуды үздік аяқтап, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Шақпақата ауылындағы №4 балалар өнер мектебіне жұмысқа орналасып, фортепиано аспабынан балаларға қосымша сабақ бере бастайды.
Мәдениет саласында жұмыс істей жүріп, 2014 жылы Шақпақата ауылына Сатар әулетіне келін болып түседі. Бүгінде жолдасы Қайсар Сатар Шақпақата бөбекжай балабақшасында бағдарламашы болып жұмыс жасайды.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы әрбір жасқа, оның ішінде өз ауылының көркейіп, дамуына үлесімді қосамын деген жас мамандарға тиімді. Жастар мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді босқа жібермей пайдаланғаны дұрыс. Айта кетерлігі, бұл бағдарламаның тиімділігі ауылдық елді мекендерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды ауылға тарту және баспанамен қамтамасыз ету екені белгілі, – дейді Айжан Сапарғалиқызы.
Бүгінде Айжан ауыл-аймаққа үлгілі келін, аяулы жар, төрт қызды дүниеге әкелген ардақты да, көпбалалы ана. Сондай-ақ, жұмыста да табысты еңбек етуде.
«Жастардың бүгінгі міндеті – оқу, білім, тәрбие жұмыстары. Жастар бүгін сөзден іске көшетін заман. Білімсіз істің реті болмайды» деген екен қазақтың қайраткер ұлы Ғани Мұратбаев. Сол секілді бүгінгі жалындаған жас кейіпкеріміздің де бойынан, жастық жалын мен көздеріндегі ұшқын шашқан отты байқап қалдық. Айжан секілді, жан-жақты, ізденімпаз жастардың қатарының көбеюі, көңілге қуаныш сезімін ұялататыны сөзсіз. Тағы бір байқағанымыздай, Айжан сөздің емес істің адамын ұнататын да жасырмады. Бұл дегеніміз, еліміздің болашағының жарқын боларының бірден-бір кепілі екені анық.