«Ауыл – ел бесігі» жобасының Жамбылдағы нәтижесі жан жадыратады

0 197

Жамбыл ауданында соңғы жылдары ел игілігі үшін ауқымды жобалар жүзеге асуда. Атап өтетін болсақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында аудан орталығынан әмбебап залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрлысы аяқталды. Қазір мұнда 250-ге жуық аудан жастары спорттың ондаған түрімен бір мезетте айналысуына болады.  Бұдан бөлек жоба аясында 5 ауылдың 8 көшесіне асфальт төселген. Қаракемер ауылында ауылдық клуб салынып, аудан орталығындағы ескі жатақхана «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» болып қайта бой көтерді.  Баспанамен қамту жүйелі түрде өз жалғасын тауып келеді. Аса ауылынан 5 қабаттан тұратын 76 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС аяқтап, пайдалануға берсе, ағымдағы жылы осындай 4 үйдің құрылысына қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінбек.

Өткен жылы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Жамбыл ауылында 100 орындықты, 18 оқу сыныбы бар Жамбыл атындағы орта мектеп пайдалануға берілсе, биыл 1 миллиард 400 миллион теңгеге Айшабибі орта мектебіндегі үш ауысымды оқытудың алдын алу үшін 300 орындық мектеп құрылысы басталып кетті. Ал Шоқай ауылынан 817 миллион теңгеге 150 орындық мектеп құрылысы басталмақ.

Сондай-ақ аудандағы 42 елді мекеннің 29-ында орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар. 2019 жылы ауыз сумен қамту үлесі ауданда 45,2 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 69 пайызға жетті. Ал ағымдағы жылы сапалы ауыз сумен қамту үлесі 71,4 пайызға жетеді деп күтілуде.

 «Көгілдір отын» жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Ауданның 26 ауылына газ жүйесі тартылған болса, бүгінде 13 ауылға бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына 725 млн теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауылішілік газ тарту жұмыстары тиянағын тапса, биыл Жұма стансасы мен Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына газ жүйесі кіргізіледі. Оған республикалық бюджеттен 655,3 миллион теңге жұмсалуда. Осылайша, ауданда 2019 жылы газбен қамту үлесі 57,1 пайызы, 2020 жылы 61,9 пайызға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 90,4 пайызды құрамақ.

Ал кезекте тұрған 11 мыңнан аса тұрғынды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында айтулы бағдарлама аясында Шәкен Ниязбеков ауылынан жаңа тұрғын үй алқабына газ және су құбыры жүргізілді. Осы жылы электр жарығы мен тас жолы төселіп, жуық арада 115 адамға жер телімі берілмек.

Жүзеге асқан жобалар мен жұмыстар нәтижесі Жамбыл ауданы әкімінің кезекті есеп беру жиынында айтылды.  Жиында депутаттар әкім есебіне оң бағасын беріп, кезегін күткен мәселелерде сөз болды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.