Жамбылда «Оқушылар сарайы» салынуда
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов баспасөз мәслихатын өткізіп, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы туралы баяндады.
Талғат Салқанұлының айтуынша, биылғы оқу жылында 238 мыңнан астам оқушы алтын ұя мектептерінен түлеп ұшқан. Түлектердің 461-і «Алтын белгі» және 538 түлек «Үздік аттестат» алған. Сондай-ақ 9 (10) — сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 28 мамыр мен 5 маусым аралығында, 11-сынып оқушыларының мемлекеттік қорытынды емтихандары 1-10 маусым аралығында өтіпті. Ал, оқу үлгерімі нашарлаған оқушылар үшін 26 мамырдан 19 маусымға дейін облыстағы барлық білім мекемелерінде жазғы мектеп ұйымдастырылды. Онда үлгерімі төмен оқушылар білім алды.
2021 жылғы ҰБТ электронды форматта компьютерлік тест түрінде өтті. ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн режимде өтініш беру кезінде талапкер тестілеу күнін және уақытын өзі таңдады. Республика бойынша ҰБТ 6-мамырда басталып, 30 маусымға дейін жалғасты.
Өткен жылдармен салыстырғанда ҰБТ-ның биылғы жаңа форматы мектеп бітірушілерге өте қолайлы болды. Себебі, биыл тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады.
Айта кету керек, тестілеуге 11222 мектеп бітірушінің 8142-і (72,5 пайыз) қатысты. Облыс бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 83,2 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға жоғары. Баяндамаш облыс оқушыларының 2020-2021 оқу жылында республикалық, халықаралық, республикалық білім, спорт, өнер байқауларындағы жетістіктеріне де кеңінен тоқталды.
Талғат Жамаловтың сөзіне сүйенсек, өткен оқу жылында 7 мектеп және 6 мектепке қосымша ғимарат салынып, пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы ескі мектеп ғимараты қайта жаңартудан өтіп, қосымша білім беру мекемесі ретінде есігін айқара ашқан.
Ал ағымдағы жылы 19 мектептің құрылысы жүргізіліп, 4 мектепке қосымша ғимарат салынуда. Одан бөлек 14 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін 8 мектеп пен 3 мектепте қосымша ғимарат бой көтереді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар облыс орталығында оқушыларды қосымша біліммен қамту көрсеткішін жоғарылату мақсатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Оқушылар сарайының» құрылысы жүргізілуде.