Мұқтаж отбасы баспаналы болды

0 298

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің үйлестіруі негізінде былтырдан бастап өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасы іске асырыла бастағаны белгілі. Байзақ ауданынан бастау алған бұл жоба облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жүзеге асқанын айта кетуіміз керек. Мұндағы басты мақсат – атадан балаға жалғасып келе жатқан «Асар» дәстүрін қазіргі заманда жаңғырту, халықты береке-бірлікке ұйыстыру. Жобаның ерекшелігі сол, мұқтаж отбасыға салынатын үйдің кімге тиесілі болатынын ауыл ақсақалдары анықтайтынында. Әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы 123 отбасыға былтыр осы қағида негізінде бір-бір үйдің кілтін табыстау жоспарланып, оның 120-ға жуығы өз иелеріне тапсырылған болатын. Осы істің басы-қасында жергілікті жердегі еріктілер жүргенін де айта кетуіміз керек. «Асарлатып үй салу» жобасына ат салысып, іргетасы қаланған әр үйге қолқабыс еткендер 17-28 жас аралығындағы жалындаған жігіттер. Қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып, жоба аясында аянбай еңбектеніп жүрген еріктілердің еңбегі өлшеусіз. Биыл да осы жоба аясында бой көтерген тұрғын үй құрылысына қол көмегім тисе деген ниеттілер аз емес. Мәселен жақында Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылында осындай бір пайдалануға берілген еді. Аталған тұрғын үйдің құрылысына ерікті жастар тарапынан құрылған «Жан жылуы» қайырымдылық қорымен, жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтар және қарапайым ауыл тұрғындары да үлес қосыпты.

«Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауданда өткен жылы жоспарланған 16 үйдің 14-і салынса, 2 дайын үй сатып алынып, мұқтаж отбасыларға тапсырылыпты. Биыл тағы да 15 үйдің құрылысы жүргізіліп жатқан көрінеді. Жоба аясында демеушілердің көмегімен осы жолы баспанаға Луговой ауылының тұрғыны, ерекше бала тәрбиелеп отырған Дария Тулендиева қол жеткізді. Қоныстой иесін құттықтау үшін игі іс-шараға аудан әкімі, ардагерлер мен қайырымдылық шарасына атсалысқан атымтай жомарт жандар қатысты.

Баспана кілтін иесіне табыс еткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов: «Бірлік бар жерде тірлік бар! Асар деген жалпы көптің көмегімен бітетін іс. Осы шарапаты мол дәмтүрдің өңірдде, оның ішінде ауданымызда жаңғыртылуы қуанышты жайт. Асарлатып үй салу ісіне ат салысқан ауыл тұрғындарына алғысым шексіз!» – деді Қ.Бижанов.

Тұрғын үйдің бой көтеруіне айрықша үлес қосқан ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерді аудан әкімі Ерболат Садырқұлов алғыс хатпен марапаттады.

Жаңа баспананың құрылысы 3 ай бойы үздіксіз жүргізіліпті. Демеушілер тарапынан 5 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалса, ерікті, ауыл тұрғыны, ұста секілді күніне он шақты адам құрылыс басында еңбек еткен. Ауыл кәсіпкерлері, сырттағы аудан тумалары, жастар мен ауданның жанашыр азаматтарының демеушілік көрсетуімен жүзеге асқан бұл жоба мұнымен тоқтап қалмайды дейді «Асарлатып үй салу» жобасының басы-қасында жүргендер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.