Ақындар шықты айтысқа

0 290

Айтыс ұлтымыздың болмыс-бітімімен біте қайнасқан киелі өнер. Ұлттық өнеріміздің шырағын сөндірмей, заманға сай жаңғыруына ат салысу жүрегі қазақ деп соққан әр азамат үшін – басты парыз. Мойынқұмдықтардың биыл ел Тәуелсіздігінің – 30, Жамбыл Жабаевтың – 175, Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай, өңірдегі айтыс ақындарының басын қосып дүбірлі аламан өткізуінің астарында ұлтық өнерге деген адалдық жатқанын айғақтайды. Мойынқұм ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қолдауымен өткен «Құтқа толы Хан тауының қойнауы, Мойынқұмым – Жаз-атамның жайлауы» атты облыстық ақындар айтысы басталмас бұрын шайырлар Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Нәметқұлов, ақын Қайырбек Асанов Ж.Қуанышбаевтың өткен өмір жолын, еселі еңбегін тілге тиек етті.
Бас имам Рысбай Еспенбетов «Еңбек Ерінің» рухына арнап Құран бағыштағаннан кейін барып, аудандық Мәдениет үйінде Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев ақындар айтысының шымылдығын ашып беріп, аламанда сынға түскен айтыскерлерге ақжол тіледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, облыстық «Aqjol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының облыстық филиалының төрағасы, айтыскер Ахметжан Өзбеков, ақын Біржан Сөктай, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова, республикалық «Жас алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек қазылық еткен айтыста жуалы аужанының намысын жыртқан Қанат Мырзахан бас жүлдені жеңіп алды. Ал Мойынқұм ауданының тумасы Ғабит Есдәулетов бірінші орынды иемденді. Екінші орын құландық Асхат Қылышбек пен байзақтық Дархан Әбдіманат бұйырса, жуалылық Дидар Апбасов айтыскер, жеке кәсіпкер Алик Бекмұсаевтың тарапынан қосымша тағайындалған екінші жүлделі орынға лайық деп танылды. Тараз қаласынан келген Медеу Мырзатай, Төлеби Тәңірберген, Жамбыл ауданының айтыс ақыны Нұрлыбек Құрманов жүлделі үшінші орынан көрінді. Талас ауданының атынан айтыс аламанына шығып жүрген Есет Досалыға аудан әкімінің арнайы жүлдесіне табыс етілді. Жамбыл Жабаев атындағы жүлде Жамбыл ауданынан барған Айтмұханбет Исақовқа, Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлде қордайлық Күміскүл Сәрсенбаеваға берілді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналған жүлдені Шу ауданынан шыққан Әділет Медетқұл иемденді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.