ҚР Парламенті Сенатының депутаты Т.Рысқұлов ауданында

0 249

Бүгін ҚР Парламентінің Сенат депутаты Б.Орынбеков Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудандағы бірнеше құрылыс нысандарын аралап, қолға алынған жұмыстардың барысымен танысты.

Сапар барысын сенатор Ақниет ауылдық округінен бастап, Құлан ауылында салынып жатқан «Арай» тұрғын үй алқабындағы салынып жатқан 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен, , сондай-ақ Құлан ауылындағы Панфилов көшесіндегі көпқабатты үйлердің жылыту қазандығының және Абай ауылындағы №346 сайлау учаскесінің дайындық жұмыстарымен танысып шықты.

Бекболат Серікбекұлы Ақниет ауылдық округіне қарасты Қонаев-Әбілқайыр ауылдарын газдандыру жұмысымен танысу барысында ауыл тұрғындарымен тілдесіп, талап-тілектерін тыңдады. Мердігер компания өкілдерімен кездескен Сенат депутаты көгілдір отынды үйді-үйге жеткізу кезінде ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасалуын, басталған жұмыс дер кезінде аяқталып, қысқы жылыту маусымы басталған кезде тұрғындар көгілдір отынның игілігін көру қажеттігін тілге тиек етті.

Аудандағы қарқынды құрылыс та Сенат депутатының назарынан тыс қалмады. Жұмыс сапарының келесі кезегінде Құлан ауылына ат басын бұрған Б.Орынбеков «Арай» тұрғын үй алқабының құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігерлермен кездесті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстарымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Жандос Ордабаев аталған тұрғын үй алқабындағы алғашқы үйдің құрлысы сәтті, жоспар бойынша іске асырылып жатқанын, әрі екінші көпқабатты 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталғанын атап өтті. Құрылыс жұмыстарын көріп қайтқан Бекболат Серікбекұлы тындырымды тірлікке оң бағасын берді. Мердігер компанияға жөндеу жұмыстарының сапалы болуын және жылу жүйесімен қамтамасыз ету туралы тапсырылды.

Осыдан кейін Бекболат Серікбекұлы Құлан ауылы Панфилов көшесіндегі көпқабатты үйлердің жылыту қазандығының жұмыс барысына зер салып, «Құлан-ЭнергоЖылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлерімен сұхбаттасты. Buran «CRONOC» (ВВ-1200) және ШАРТ БОЙЛЕРКВА-2500 қазандық пештерін қолданатын аталған шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорында магистральды жылу беру ұзындығы 0,889 шақырым, кварталаралық жылу беру жүйесінің ұзындығы 0,257 шақырымды құрайды.

Ауыл-аймақты аралаған сенатор 25 шілде күні өтетін ауыл әкімдерін сайлау бойынша Абай ауылдық округіндегі сайлау учаскесінде болып, заңнамаларды түсіндіріп, сайлауға дайындық барысын да көріп қайтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.