Аудан ардагерлерімен бас қосты
Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қарттарға деген құрметі қашан да жоғары екені бұзылмас қағида. Тәрбие мен ұлттық сананы жаңғыртып, жастарға даңғыл жол сілтей білген ардагерлер еліміздің таусылмайтын асыл қазынасы болып табылады. Қарттар жүрген жол жастарға сенімді серпін беріп, алдағы мақсатқа жетуге артылған асқан талпыныс деп білемін.
Қарияларға жылы шырай таныту адамдық қасиеттің асыл шыңы. Адамдықты жыр еткен мерейлі сәтте қалалық билер мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудандық Коворкинг орталығында «Жылы шырай, татулық, кішіпейілдік» атты ардагерлер мен жастардың кездесуі өткізілді. Кездесудің мақсаты жастардың бойына адамгершілік, рухани құндылықтарды сіңіру оларға дұрыс бағыт беру. Кездесуді жүргізген қалалық билер кеңесінің төрағасы С.Қырғызбаев тақырыптың мәні мен мақсатын ашып көрсетіп, жастарды тәрбиелікке, бірлікке шақырды. Сөз алған билер кеңесінің мүшесі Б.Абдрахманов кез келген қиындықтарға мойымай төтеп беру керектігін айтып, басынан өткен қызықты оқиғалармен бөлісті. Билер кеңесінің мүшесі – Ж.Шәдиев пен А.Қалымбеков жастарға жігер мен қайрат, рух керектігі туралы сөз қозғап, келешек ұрпақты патриот болуға шақырды. Өз кезегінде сөз алған Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Б.Балғабай жастарға әлеуметтік желілерден гөрі кітапқа баса назар аудару керектігін айтып, қоғамдағы бірқатар мәселелер туралы сөз қозғады. Жастар ресурстық орталығының директорының орынбасары С.Тоқбанов қарттарды қадірлеп, кішіпейілділікті сақтау қажеттігін алға тарта отырып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Гүлнара Байбосынова,
Сарысу ауданы