Ауыл шаруашылығы алшаң басып келеді

0 328

Мойынқұм ауданыда ауыл шаруашылығы саласы өнеркәсіптен кейінгі екінші экономикалық сала боп танылатыны белгілі. Биылғы жылы мұнда 5662 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, 788 гектарға сүр айдалыпты. Жер пайдалану көрсеткіші 100 пайызға орындалып, 2170 гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 20 гектарға майлы дақылдар, 2702 гектарға көпжылдық шөп, 150 гектарға картоп орналастырылған екен. Бұдан бөлек 220 гектар көкөніс пен 400 гектар бақша дақылдары егіліп, көктемгі егіс дала жұмыстары өз деңгейінде аяқталған. Аудан әкімі Мәден Мұсаев аудан құмды алқапта орналасқанымен, жердің асты мен үстіндегі суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын қолданудың арқасында асыраушы сала ісі алға жылжығанын айтады.

– Мақсатымыз – аграрлық салада диханшылық істі жетілдіру. Сол үшін егін шаруашылығы жоспарын іске асыру мақсатында биылғы жылы да аудандағы 4 тоғанның 17,8 шақырым жерін механикалық тазалаудан өткізуге және қажетті гидро қондырғылар орнатып, каналдарды байлауға аудан бюджетінен 80,6 миллион теңге бөліп отырмыз. Аудан аумағында егістік алқаптарында су үнемдеу технологияларын қолдану мақсатында 4 шаруа қожалығы жаңбырлатып суғару қондырғыларын енгізу үстінде. Бүгінгі күні азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тиісті шаралар атқарылып жатыр.

Мал шаруашылығы саласында барлық түліктер санатында және барлық өнім түрлерінде де өсім қалыптасты. 5 айдың қорытындысымен 1909,9 тонна сүт, 1944,2 тонна ет өндіріліп, сүт 5,8 тоннаға, ет 13,3 тоннаға артты, – дейді Мәден Тоқтарбайұлы.

Аталған аудандағы өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды баспанамен қамту. Қазіргі уақытта аудан бойынша тұрғын үй алу үшін кезек тізімінде 70 адам тіркелген екен. Аталған мәселесін шешу мақсатында өткен жылы аудандық колледждің теңгеріміндегі 4 қабатты жатахана ауданның коммуналдық меншігіне алынып, 1-ші және 2-ші қабаттарына, аудандық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлініп ағымдағы жөндеуден өткізіліпті. Бүгінде аталған жатақхананың 1-2 қабатында 12 от басы тұрып жатса, ағымдағы жылы аудандық бюджеттен бөлінген 47,2 миллион теңгеге сол ғимараттың 3-ші және 4-ші қабаттарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу қолға алыныпты. Осы арқылы тұрғындарды мүмкіндігінше баспанамен қамтамасыз ету ретімен шешілмек. Сондай-ақ, биылғы жылы Мойынқұм ауылы Қажымұқан көшесінде 2 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы басталса, келесі жылы да қосымша 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін көрінеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.