Су айдындарының мониторингіне талдау

0 283

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 маусым күні «ECOJER» халықаралық конгресі қатысушыларына үндеу жолдаған болатын. Президенттің халықаралық ықтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан оқып берген Үндеуде: «Тұрақты даму концепциясы «экология-экономика-қоғам» үш тағанында үйлесімді өзара іс-қимыл үшін шек бола алады. Экологиялық проблемаларды шешуді мұнан әрі кейінге қалдыра беруге болмайды. Жаһандық экологиялық айналым, инновацияның дамуы мен үздіксіз цифрландыру әлемдік нарықты өзгертеді және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін жаңа әдістерді талап етеді. Қазақстан бай экономикалық ресурстармен жолы болған. Бұл біздің активтеріміз екендігі сөзсіз», делінген.

Жалпы біздің бай ресурстарымыздың жердің бетінде және астында орналасқаны белгілі. Соның ішінде су ресурсының маңызы айрықша. Осы орайда біз өңірдегі су көздерінің талпқа сай-сай еместігін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Б.Кыдырбаевтан сұраған едік. Өйткені судың да, ауаның да таза болуы өңір тұрғындары үшін аса маңызды. Оның айтуынша, облыста халықты су құбырымен қамтамасыз етуге арналған I санаттағы 9 ашық су көздері бар екенін, олар Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары және Мойынқұм аудандарында орналасыпты.

– Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылының 1 су айдыны санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға жауап бермейді (тазарту қондырғылары  жоқ,  мәселе 10 жыл бойы шешілмей келеді). Былтыр бірінші санаттағы ашық су көздерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 71 сынама алынып, оның 12 (16,9%) сәйкес келмеді, санитариялық – химиялық көрсеткіштерге 71 сынама алынды, сәйкес келмейтіні- 19 (26,7%). Осы жылдың 1 тоқсанында бірінші санаттағы ашық су көздерінен микробиологиялық көрсеткіштерге – 6 сынама алынып ауытқу анықталмады, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 6 сынама алынып барлығы нормаға сай екені белгілі болды. Облыста II санаттағы 20 ашық су қоймасы бар болса, олар Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т. Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандарында. Өткен жылы ІІ санаттағы ашық су қоймаларынан микробиологиялық көрсеткіштер үшін 47 сынама алынса, оның 4 (8,5%) сәйкес келмеді, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 47 сынама алынды,  оның 9-ы (19,1%) сәйкес келмейді.

Биыл II санаттағы ашық су қоймаларынан микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер үшін сынамалар алынған жоқ. Жоғарыда айтылған дерекке сүйене отырып, I, II санаттағы ашық су қоймаларының жағдайы қанағаттанарлық деп бағалап отырмыз. I және II санаттағы су айдындарынан су жолымен берілетін жұқпалы аурулар жағдайлары тіркелген жоқ, – деді ол.

Былтыр топырақтан микробиологиялық зерттеулерге 53 сынама алынып, барлығы талапқа сай болып шығыпты. Санитарлық-химиялық зерттеулерге 2020 жылы 52 сынама алынды, барлық сынамалар талапқа сай шықғыпты.

Былтыр паразитологиялық зерттеулерге 29 сынама алынып, барлығы талапқа сай екенін анықталыпты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.