Руханият көгінде қырандай самғаған тұлға

0 225

Жуырда Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен Сарысу ауданында қазақтың белгілі өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақановтың 85 жас мерейтойына арналған кеш өтті.

1936 жылы Сарысу ауданының Ақтоғай ауылында дүниеге келген көрнекті композитор, жазушы-публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың әндері әнсүйер қауымның жүрегіне ұялаған. Жазылғанына қанша жыл өтсе де «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Асылым», «Ағады, Жайық, ағады» тағы да басқа туындыларын халық шырқап келе жатыр.

Жалпы Ильия Жақановтың 200-ден астам әні бар. Оның әндері қазақ әнінің табиғи болмысын бүлдірген эстрадалық ырғақтан дін аман, ұлттық нақышты бойына сіңірген. Абай, Пушкин, Лермонтов, Мақтымқұлы, одан бері қазақтың классиктері – Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Қуандық Шаңғытбаев сынды ақындардың мәтіндеріне жазылған әндер халықтың жоғары сұранысына ие болды. Пушкиннің сөзіне «Түнгі зефир», Лермонтовтың Абай аударған өлеңдеріне «Жолға шықтым түнде жалғыз», «Жалғыз жалау» әндері жазылды. Ән-романстардың ішінде Есениннің сөзіне жазылған «Өмірім менің», «Өткен қайтып оралмас», Мақтымқұлының сөзіне жазылған «Өтіп барады» атты ойлы, толғаулы романсты ерекше атауға болады.

Ильия Жақановтың тек қана әндерге байланысты зерттеулері 9-10 томға жүк болған. Оның «Еділ мен Жайық» әніне байланысты жазған деректері ғана бір кітапқа арқау бола алады. Сонымен қатар, ғалымның «Балқадиша», «Дудар-ай» сынды халық арасында кең таралған, алайда шығу тарихы бұрмаланған әндер туралы жазған зерттеу жұмыстары да бүгінгі күнде көптеген өнер зерттеушілеріне таптырмас дерек көздері болып отыр.

Құстың қос қанатындай қазақ әдебиеті мен музыка өнерін қатар сермеп, қазақ руханиятының көгінде қырандай самғаған ұлы тұлғаның шығармашылығын дәріптеу мақсатында өткен кешке Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, мерейтойға қатысты ауданымызға ат басын бұрып келген үлкен кітапхана ұжымына және кешке қатысып отырған жақындары мен аудан тұрғындарына зор алғыс білдірді.

Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаның 85 жас мерейтойына орай өткен «Аңсаттың, дариға, Жайлаукөл кештері-ай…» кешінде композитордың өнегелі өмір жолы айтылып, әндері шырқалып, бейне көрініс арқылы ізгі ниеті тыңдалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.