Елді мекендерге толық газ тартылады

0 314

Т.Рысқұлов аудандағы 42 елді мекеннің 24-не толық газ тартылса, биыл газ кірмеген 18 ауылдың ішінде Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты, Шөңгер, Каменка, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Жаңатұрмыс ауылдарына газ тарту жұмыстары жүргізіледі екен. Шолақ-Қайыңды ауылының газ тарту ісі жөніндегі жобалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаддан өтуге жолданыпты. Осы жұмыстар толық атқарылғаннан кейін газдандыру мәселесі аудан көлемінде 100 пайызға шешімін тапты деп есептеледі екен. Өйткені Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Сұмқайты, Қосапан ауылы мен Құмарық разъезді, Қорағаты станциясы тұрғындарының саны тиісті нормадан аз болғандықтан, яғни елді мекен тұрғындарының саны 50 адамнан төмен болғандықтан экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылыпты.

Ауданда барлық елді мекеннің тұрмыстық қалдықтарын шығаруға арналған 14 полигон бар болса, 2019 жылы Құлан, Құмарық, Қорағаты, Көкдөнен, Көгершін, Тереңөзек, Ақыртөбе, Жаңатұрмыс, Каменка ауылдарындағы күл-қоқыс орны толығымен қоршалып, қалыпқа келтіріліпті.

Биыл қалған Р.Сабденов, Д.Қонаев, Жарлысу, Қайыңды, Малдыбай ауылы маңындағы полигондар ретке келтіріліп, аудан тұрғындары күл-қоқыс тастайтын орынмен толық қамтамасыз етіліпті. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов былтыр облыстық мәндегі Құлан ауылының кіре берісіндегі шығыстан, солтүстіктен және батыстан енетін жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтады. 4,6 шақырымды құрайтын 3 аудандық маңыздағы автомобиль жолдары жөнделіпті. Нақты айтқанда жалпы құны 95,1 миллион теңгеге Құлан-Шонгер жолының 3 шақырымы, Р.Сабденов аулының оңтүстік және солтүстік кіре беріс жолының 1,63 шақырымы жөндеу көрген.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 17 елді мекендегі 91 көше орташа жөндеуден өтті. Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 30 көшеге жаңадан үнемді диодты шамдар арқылы жарықтандыру жүйелері орнатылса, 95 көшенің жарық шамдары қайта жаңартылды.

Жалпы, аудандағы елді мекендерде 352 көше бар. Оның ішінде 230 көше жарықтандырылып, көрсеткіш 260 көшені құрап, жарықтандырылу 73,8 пайызды құрады. Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Көкдөнен, Жақсылық, Луговой, Каменка елді мекендерінде жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынды. Ағымдағы жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Луговой ауылының (13,8 шақырымды құрайтын 13 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – дейді Ерболат Салқанбекұлы.

Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен Жаңатұрмыс ауылының Досымбек көшесін, Жарлысу ауылының Тастанбек көшесін, Ақыртөбе ауылының Т.Рысқұлов көшесін, Көгершін ауылы Абай көшесіне, Құлан ауылының Ә.Тлепов көшесін орташа жөндеу мақсатында бюджетен тиісті қаражат бөлініпті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.