Дала академигінің болмысы өлеңмен өрнектелді

0 363

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткеннен тағылым алмай, келешекке қадам баса алмайтынымызды ерекше атап өткені мәлім. Сол үшін де тұлғаларымызды дәріптеп, өскелең буынның санасына сіңіру – бәріміздің ортақ парызымыз. Ал, жақсымызды қадір тұтып, ел үшін еткен еңбегін үлгі еткеннен ұтылған жеріміз жоқ.

Еңбегімен еленіп, беделдің биігіне көтерілген ұлтымыздың даңқты перзенттері турасында сөз қозғағанда, ең әуелі ойымызға Жазылбек Қуанышбаевтың есімі оралады. Бұл есім – өлшеусіз еңбектің синонимі, абыройдың екінші аты іспетті.

Биыл қаракөл шаруашылығының короліндей болған аймаңдай тұлғаның дүниеге келгеніне 125 жыл толды. Елорда төрінде шымылдығы түрілген торқалы тойдың дүбірі Жамбыл ауданына да жетті. Той тойлауды емес, ой ойлауды құп көрген аудандық мәдениет үйі Жаз атаның 125, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Поэзия өлкесіне ат арқандаған 8 шайыр дала академигінің дара болмысын өрелі өлеңмен өрнектеді. Шымыр шумақ, ұтымды ұйқас арқылы Жаз атаның жарқын келбеті көз алдымызға келгендей.

Өлең бәйгесін жүргізген танымал айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов да мерейтой иесі жайлы сипаты бөлек, сыры басқа салмақты сөз сабақтап, өрелі ой қозғады. Ауыздығымен алысқан тұлпардай додаға түскен айшабибілік жас ақын Елбек Нұрмаханбетовтің де әр өлең жолы қыздың жиған жүгіндей, көркемдігімен көз тартты.

Аса аспанын мөлдір поэзияның құшағында тербеткен байқаудың қорытындысына сәйкес Бегалы Ысқақов 1-орынды жеңіп алса, Әсел Назаралы 2-орынды олжалады. Елібек Нұрмаханбетов 3-орынға лайық деп танылды. Жыр бәсекесін қорытындылаған аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева еңбек майданының қаһарманы Жазылбек Қуанышбаевтың өмірі мен өнегесі елге қызмет етудің ерлікке пара-пар үлгісі екенін баса айтып, мүшәйра жүлдегерлері мен қатысушыларына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Жазылбек Қуанышбаевтың өшпес даңқы егемендікті еншілеген 30 жылдың ішінде де ұмыт қалған емес. Еңбек ерінің есіміне шаруа қожалық, елді мекендер, Алматыдағы бір көшенің берілуі – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауылының орталығында дала академигінің шопан таяғын ұстап, қиырға көз тіккен бейнесі алыстан менмұндалайды.

Жалпы, дала академигінің мерейтойын тойлау Әулиеата жерінде жыл бойы жалғасатын болады.

Возможно, это изображение (1 человек и на открытом воздухе)

Leave A Reply

Your email address will not be published.