Құрылыс саласы қамшы салдырмай келеді

0 253

Құрылыс саласы кез келген өңірдің экономикалық локомотивтерінің бірі болып табылады. Өйткені елдің экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасы көбіне құрылыс саласының тиімді қызмет етуіне байланысты. Ал құрылыс саласы күн сайын көп еңбектенуді талап ететін өте күрделі де жауапты жұмыс.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылыс саласын дамытуға барынша басымдық берілді. Баянды бағдарламалар, жарқын жобалар жүзеге асып, нәтижесінде қыруар тірлік тындырылды.

Ел экономикасы өскен сайын құрылыс қарқыны да дамып келеді. Бүгінгі таңда облысымызда да құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озып келеді. Бірнеше жылда Тараз қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Тұрғын үй құрылысының көлемі жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, қарқын ала түсуде. Айналып болмас аядай ғана уақыт ішінде сәні кеткен саябақтар сұлудай сыланып, аллеялардың ажары айшықталып, қала келбеті көріктеніп, көркейе түсті. Мұнан өзге де сан түрлі құрылыстардың, әр алуан өнімдерін шығаратын зауыттар мен цехтардың, түрлі өндіріс орындарының жарыса салынуы жақсылықтың нышаны деп білеміз.

Жалпы 2021 жылғы қаңтар-мамырда құрылыс жұмыстарының (көрсетілген қызметтердің) көлемі 31429,4 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан.

Аталған кезеңде тұрғын үй құрылысына 16170,4 миллион теңге жұмсалыпты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі тұрғын үйлер құрылысына игерілген қаржылар үлесі 16,5 пайызды құраған. Тұрғын үйлер құрылысының негізгі қаржыландыру көзі, үлес салмағы 78,7 пайыз құрайтын құрылыс салушылардың жеке қаражаттары болып табылады.
Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 204,3 мың шаршы метрді құрады. Пайдалануға берілген тұрғын жайлардың нақты көлем индексі 2020 жылғы сәйкес кезеңге 106,8 пайызды құрады.

Осылайша баянды бағдарламалар тараздықтардың алыс болып көрінген аяулы арманын жақындата түсуде. Қала халқының саны өсіп, тұрғын үйге деген сұраныс көлемі күн санап артып жатқан кезеңде баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың ерекше қарқын алғаны көңіл қуантады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.