Байзақта инвестиция игілігі көп
Берекелі Байзақ ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында тындырылған тірлік көп. Әрбір салада ілгерілеушілік байқалады. Ел игілігі үшін қолға алынған баянды бастамалар, жемісті жобалар да көп.
Байзақ ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркін Нахимовтың айтуынша, ауданда бүгінге дейін негізгі капиталға салынған инвестиция 38 миллиард 992,9 миллион теңгені құраған. 2019 жылдан бері ауданда капиталға салынған инвестиция көлемі біршама артқан. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 14 миллиард 954,1 миллион теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 105,1 пайызға жоғарылаған. Атап айтсақ, ғимараттар мен имараттарды салу және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына 8 миллиард 734 миллион теңге, машиналар, жабдықтар, көлік құралдары және оларды күрделі жөндеуге 5 миллиард 643 миллион, өзге де күрделі жұмыстар мен шығындарға 576 миллион теңге инвестиция тартылған.
«Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, серіктестік жалпы құны 148 миллион теңге «Сою цехының қалдықтарын тереңдетіп ет-сүйек ұнын өңдейтін құрылғы мен дайын өнімді қаптау машинасын сатып алып орнату» инновациялық жобасын іске асыруды бастаған болатын. Жоба аясында 5 жұмыс орны ашылып, 2019 жылы 31,5 миллион теңгені құрайтын 350 тонна ет-сүйек ұнын өндірген.
– Бұдан бөлек, Жаңатұрмыс ауылдық округінде «Л. Жабатаева» жеке кәсіпкерлігі жалпы құны-435 миллион теңгеге «Көкөніс консервілеу цехы мен сыйымдылығы 3 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрылысы» инновациялық жобасын іске асыруда. Сондай-ақ «GRAND FOODS PREMIUM» серіктестігі жобалық құны-500 миллион теңгені құрайтын «Жеміс пен көкөністі өңдеу және консервілеу цехының құрылысы мен өндірістік жабдықтарын сатып алу» бизнес-жобасын жасады. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында да бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, кепілдеме тетігі бойынша жалпы құны 71 миллион теңгені құрайтын 4 жобаны «Бегей» мен «Сламов Е. Е» жеке кәсіпкерліктері мен «Нұрлы жай» шаруа қожалығы жүзеге асырған. Несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау тетігі бойынша 151,5 миллион теңгені құрайтын 9 жобаны 8 кәсіпкер іске асыруда. Бұдан бөлек, инженерлік-инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша жобалық құны 16,168 миллион теңгені құрайтын 2 жоба дайындалып, аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралып, мақұлданды,– дейді Еркін Рахимов.