Мал басы артып, егістік көлемі кеңеюде
Ағымдағы жылдың 5 айында Т.Рысқұлов ауданында экономикалық өсім 101,5 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқан. Жыл соңына дейін бөл өсім 104 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл жайында «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов баян етті.
— Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 4,9 миллиард теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 200 миллион теңгеге артты.
Жалпы 146,6 мың гектар егістік жер толық игерілді. Оның ішінде басым бөлігіне, яғни 61,3 мың гектарына күздік бидай, 58,7 мың гектарына жаздық арпа себілді.
Өткен жылы 143 дана ауыл шаруашылығы техникалары (оның ішінде 22 дана егін орағы комбайны) сатып алынып, машина-тракторлар паркі 14 пайызға жаңаланса, биыл ауыл шаруашылығы техникаларын 11 пайызға жаңалауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек 19 жаңбырлатып суғару қондырғысы алынса, 15 данасына өтінім берілді.
Бүгінгі күнге ауданда мүйізді ірі қарамен 5, ұсақ малмен 6, жылқы малымен 1 және шошқамен 1 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді.
Аудан көлемінде 2650 бас мүйізді ірі қараға арналған 12, 780 бас жылқы малына арналған 5, 3600 бас қой малына арналған 4, 30000 бас шошқаға арналған 1 мал бордақылау алаңдары қызмет көрсетуде.
«Дәулетбай» шаруа қожалығы 1000 бас мүйізді ірі қарамалын бордақылау, мал сою, сақтап, тоңазыту, мал терісін дайындау кешені және «Жастар болашағы» шаруа қожалығы 100 бас сүт тауарлы фермасының құрылысын аяқтады.
«Шалқар» шаруа қожалығы 1500 басқа, «АлРай» шаруа қожалығы 1000 басқа арналған мүйізді ірі қара малын бордақылау кешендерін, сонымен қатар, Абай ауылында «Керең» шаруа қожалығы 200 басқа арналған сауын сиыр фермасын биыл іске қосқалы отыр, — деді аудан әкімі.
Осылайша есепті кезеңде мал басы барлық түрі бойынша 104,5-тен 117 пайызға дейін артқан.