Ауылдағы ағайын ауызсудың рахатын көруде

0 261

Т.Рысқұлов ауданында коммуналдық шаруашылық саласына көп көңіл бөлінуде. Өткен жылы аудандағы 42 елді мекеннің 26-да орталықтандырылған ауызсу жүйесі болса, жыл ішінде тағы 4 ауылға ауызсу құбыры жүргізілген.

«Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңындағы брифингте аудан әкімі Ерболат Садырқұлов осыны баса айтты.
— Ауыз су жүйесі ескірген 9 елді мекеннің 3-не (Құмарық, Қаракемер, Алғабас) 2020 жылы жаңа ауыз су жүйесі құрылысы басталды. Жоба 2021 жылға өтпелі, яғни биыл пайдалануға береміз.

Құлан ауылы ауызсу имараты мен жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 5 елді мекенге ауыз су жүйесін салуға жобалық-сметалық құжат әзірленді. Оның ішінде 3 жоба бойынша (Жаңатұрмыс, Сәлімбай, Қазақ) сараптаманың оң қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінімдері жолданды.

Осы жерде атап өтетінім «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан 3 мыңға жуық тұрғыны бар Жаңатұрмыс ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ уақыттан бері шешілмей келген.

Республикалық бюджетті нақтылауда аталған ауылды ауызсумен қамту үшін 100 миллион теңге қаражат бөлініп, маңызды мәселе шешімін тапты.
Ауданда халық саны тиісті нормадан аз 7 ауыл бар. Осы ауылдарда ауызсу жүйесін салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан аталған ауылдарда ауызсу мәселесін мембраналық қондырғы орнату арқылы шешу қарастырылуда. Ол үшін арнайы жоспары бекітілген, -дейді аудан әкімі Е.Садырқұлов.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.